Қазақстанның қатыгездікпен күрес шаралары БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінде таныстырылды

Түрмедегі азаптау мен қатыгездікке қарсы күрес шараларын жүргізу бойынша Қазақстан тәжірибесі Біріккен ұлттар ұйымының Женевадағы бөлімшесінде таныстырылды, деп хабарлайды 24kz.

Шараға еліміздің адам құқығы бойынша комиссия мүшелері мен Біріккен ұлттар ұйымының адам құқықтары жөніндегі арнайы өкілдері қатысты. Халықаралық құқық қорғаушылар Қазақстанның азаптауға қарыс күрес саласындағы жетістіктерін атап өтті.

Түрмелерде сотталғандарды азаптайтындарға жаза қатаңдатылды. Енді тараптар арасында өзара келісімге келуге, шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға, рақымшылық жасау сынды әрекеттерге жол берілмейді. Осыған дейін 5 жылға дейін, егер жәбірленуші қайтыс болған жағдайда 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылып келсе, енді мерзім кемі 12 жылға ұзарды.

Осылайша, Қазақстан «нөлдік төзіміділік» қағидатын қатаң ұстанады.

Артур Ластаев, ҚР адам құқықтары жөніндегі уәкілі:

- Алдымен азаптау ісін құзыретті мемлекеттік орган – прокуратура тергейді. Екіншіден, әртүрлі жабық мекемелерге 45 мыңнан астам бейнекамера орнатылды. Үшіншіден, ең басты нәрсе – түрме медицинасы Ішкі істер министрлігінен Денсаулық сақтау министрлігіне өтті.

2023 жылы азаптау фактілері бойынша арыз шағымдар екі есе азайған. Соңғы бес жылда 165 лауазымды тұлға азаптау әрекеті бойынша қылмыстық жауапқа тартылған. Оның 80%-і бас бостандығынан айырылды.

Георгий Пападатос, Еуропалық қоғамдық құқық ұйымы делегациясының басшысы:

- Таныстырылым мазмұны ұнады. Біз Қазақстандағы азаматтық қоғамның институттарын нығайтуға тырысып жатқанын білдік. Бұл реформалар өте маңызды. Азаптауға қарсы күрес саласында жұмыстың жүйелі екенін көрдік.

Елімізде қылмыстық әрекеттердің алдын алуға қатысты ұлттық механизм бар. Құрамында 20 өңірден 105 маман тартылған. Олар құқық қорғаушылар, дәрігерлер, тәрбиешілер және әлеуметтік қызметкерлер. Азаптау фактілерін анықтау үшін түрмелерге барады. Нәтижесінде 3 мыңнан аса деректі анықтаған. Осылайша, Қазақстан құқық қорғау органдарындағы ішкі бақылауды тағы да күшейтуге ниетті. Түрмелердегі азаптау мен қатыгездікке қарсы күрес шараларын одан әрі жалғастыра бермек.

Авторлары: Фариза Жанғанаева, Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов