Харбин 2025: нәтиже көңіл көншіте ме?

olympic.kz

Кем-кетіктерді көрдік. Енді жүйелі жұмыс керек. Қысқы Азия ойындарынан кейін спортқа жауапты министр Ербол Мырзабосынов осындай пікір білдірді. Жылдың басты бәсекесін Қытайдың Харбин қаласы қабылдаған болатын. Оның қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 4 алтын, 9 күміс және 7 қола жеңіп алып, жалпы есепте 4-ші орынға жайғасты. Ал енді бұл нәтиже көңілді көншіте ме? Жарысқа дейінгі жоспар қандай еді? Жерлестеріміз оны қалай орындады?

Харбиндегі қысқы Азия ойындарынан оралып, енді есті жиып жатырмыз. Біраз нәрсені біліп-түйіп қайттық. Шыны керек, бұған дейін қысқы спорттарға мүлде көңіл бөлмейтінбіз. Сәйкесінше көп білмейтінбіз.

Жалпы есепте төртінші орындамыз

Сонымен Харбиндегі қысқы ойындарға 34 мемлекеттің өкілдері жиналды. Олардың арасында қазақстандық қыз-жігіттер де бар. Ел намысын 137 спортшы қорғады. Олар 6 спорт түрі бойынша медальға таласқан болатын. Нәтижесінде жоғарыда айтқандай, 4 алтын, 9 күміс және 7 қола жеңіп алды. Яғни бас-аяғы 20 мәрте жеңіс тұғырына көтерілді. Жалпы есепте алдыңғы төрттікте тұрмыз. Топ басында жергілікті қытайлық спортшылары болса, кәріс және жопон құрамалары үздік үштікті түйіндеді. Cәйкесінше төртінші орында Қазақстан құрамасы. Спортқа жауапты министр о баста осындай жоспар болғанын алға тартты. Тіпті қысқы Азия ойындарына дайындыққа арналған Үкімет үйіндегі брифингте ол: «4 алтын аламыз», – деген болатын. Кешенді ойындар кезінде нақты сол деңгейде өнер көрсеттік. Әсіресе қазақ балаларының тарихи жетістікетері қатты қуантты. Нақтырақ айтқанда, шорт-тректе және фристайлда бұрын-соңды болмаған нәтиже тіркелді. «Енді осы қарқыннан таймай, жүйелі жұмыс істелсе, алдағы Олимпиадада осы бағыттар медаль беруі мүмкін», – дейді министр.

 

Спортшылар неге үмітті ақтамады?

Үмітті ақтамаған спорт түрлері бар. Әсіресе шаңғы және коньки жарыстарынан алтын мүлде болмады. Негізі спорт жанкүйерлері осы бағыттардан чемпиондар шығады деп күтті. Бұған қоса биатлондағы бір ғана алтынға да көпшіліктің көңіл толмады. Олар кемі екі-үшеуін беруі керек еді.

Тағы бір айта кетерлігі, ұйымдастырушы тарап биыл жарыс бағдарламасынан шаңғымен секіру және фристайл могулды алып тастаған. Шаңғы мен биатлонда да біраз қашықтықтарды қысқартып тастаған. Оның да, әрине, кері әсері болды. Сәйкесінше алтын саны жағынан көрсеткіш салыстырмалы түрде төмен. Спортшылардың өзі оған сылтау іздеп, ақталып тұрған жоқ. Жауапкершілікті өте жақсы түсінеді және ел сенімін ақтай алмағаны үшін кешірім де сұрады.

 

Е. Мырзабосынов: Жүйелі жұмыс істеу керек

Қазір отандық қысқы спорт түрлерінде толқын алмасу процесі жүріп жатыр. Яғни біраз бағыттарға 16-17 жастағы спортшылар келіп жатыр. Өте жақсы үрдіс. «Енді осы өрендер пісіп-жетіліп, әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілетті спортшыларға айналдыруымыз қажет», – дейді мамандар. Яғни қазір соларға басымдық беріліп, барынша қолдау танытылмақ. Бұған қоса олардың артынан келе жатқан жасөспірімдер мен балаларды да ескерусіз қалмайды. Сонымен қатар отандық спорттағы легионерлерді азайту және шетелден бапкерлер әкелу мәселелері де өзекті екені байқалды. Жалпы алғанда Харбиндегі ойындар қысқы спорт түрлерінде әлеуетіміз жоғары екенін көрсетті. Азия бойынша Қытай, Корея және Жапониямен төрттікте тұру – өте жақсы көрсеткіш. Тіпті бір кезде жапондардан асып түсеміз деген үміт те қылт еткен. Кейін, өкінішке қарай, үміт үзілді. Бірақ осы мақсатта жұмыс істеуге боларына және қол жеткізе аларымызға көз жетті.