Қазақстан - Украина матчы тең есеппен аяқталды

Футболдан Қазақстан құрамасы Украинамен тең түсіп, алғашқы ұпайды қоржынға салды. Матч 1:1 есебімен аяқталды. Киевте өткен 2022 жылғы әлем чемпионатының іріктеу ойыны жайлы  сарапшылар не дейді?

Футболдан Қазақстан құрамасы Киевте 2022 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясында Украинамен 1:1 есебімен тең түсті. Кездесудің 20-минутында Роман Яремчук алаң иелерін алға шығарды. Үзіліске дейін Украина құрамасы бірнеше қауіпті шабуыл жасады, дегенмен, қақпаға екінші голды сала алған жоқ. Екінші таймдағы 59-минутта Серікжан Мұжықов ұтымды сәтті пайдаланып, есепті теңестіре алды. Футбол ойындарының сарапшысы Рымбек Ізғали Қазақстан құрамасының алғашқы ұпайын «тарихи сәт» деп есептейтінін айтады.

Рымбек Ізғали, футбол ойындарының сарапшысы:

- Жалпы бүгінгі ойынның нәтижесі біздің бір ұпайымыз ол тарихта қалатын ұпай деп айтуға болады. Тариха қалатын ойын, тарихта қалатын нәтиже. Өйткені азулы қарсыласты, ресми ойында бірінші рет біз осындай ұпай алып отырмыз. Біз әрине осы уақытқа дейін Литвадан ұпай алып келген кезіміз болды. Осы уақытқа дейін өзіміздің деңгейіміздегі командаларда ұтып жүрміз. Бірақ осындай азулы қарсыласты мысалы, жұлдыздары бар, Манчестер Сити, Аталантада ойнайтын, Италияның лидері, негізгі құрамада ойнап жүрген жұлдыздары бар Зинченко, Малиновский сияқты, Яремчук сияқты. Осындай команданы біз бірінші рет ұпай алып тұрмыз. Бұл әрине жетістік. Бұл әрине Қазақстанға сыйлық деп айтуға болады. 

Украина спорт саласының тілшісі Кирилл Стадиченко «матч тартысты өтті» деп бағалайды. Қазақстан құрама командасының ойын саясаты сәтті құрылды. «Қауіпті шабуылда қақпашының шеберлігін байқадым», - дейді Кирилл.

Кирилл Стадиченко, футбол ойындарының сарапшысы,  журналист:

- Әлемдік футболда өкінішке орай, аты шықпаған қазақ командасы осы жолы ойынды сауатты құрды. Мүмкіндігінше шабуыл жасады, қорғаныста табанды ойын көрсете алды. Украина командасы бірнеше рет тамаша мүмкіндікті жіберіп алды. Қазақстан құрамасының қақпашысына тәнті болдым, екі қауіпті голды қайтара алды. Есеп тең болған соң осы жолғы матч қызықты әрі тартысты өтті. 

Киевтегі ойыннан кейін футболдан Қазақстан құрамасы іріктеудегі алғашқы ұпайын еншіледі. Бірінші матчта өз алаңында Франциядан жеңілген еді. Ал Украина құрамасы үш ойыннан кейін 3 ұпайды иеленді. 

Авторлар: Аида Қыдырбай, Петро Борейко