Президент қолынан көк байрағымызды алу мен үшін үлкен жауапкершілік – Қамшыбек Қоңқабаев

Бокстан Қазақстан ерлер құрамасының капитаны Қамшыбек Қоңқабаев Токио Олимпиадасының ашылу салтанатында мемлекеттік Туды ұстап шығады, деп хабарлайды «Хабар 24» olympic.kz-ке сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан көк байрақты алған ол оқырмандарына Президент қолынан Туды алу үлкен жауапкершілік және мәртебе екенін айтты. 

«Ассалаумағалейкум, құрметті Қазақстандықтар! Бүгін Олимпиада ойындарына ту табыстау рәсімі өтті. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлынан көк байрағымызды алу мен үшін мәртебе, үлкен жауапкершілік. Бұйырса көк байрағымыз Олимпиада ойындарында желбіреп барып, желкілдеп қайту үшін бар күш жігерімізді жұмсауға уәде етеміз! Жеңісті күнде жолығуды жазсын!» деген жазбасымен бөлісті Қамшыбек Қоңқабаев өзінің парақшасында.

Айта кетейік, Токиода өтетін жазғы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты 23 шілде күні өтеді. Қазақстан Олимпиадалық құрамын боксшы Қамшыбек Қоңқабаев пен жеңіл атлет Ольга Рыпакова бастап шығады.