Футзалдан әлем чемпионатында Қазақстан Коста-Рикадан басым түсті

Бүгін Литвада футзалдан әлем чемпионатының финалдық сатысы басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстандықтар алғашқы ойынын бүгін, 12 қыркүйекте Коста-Рикаға қарсы өткізді. Бұл кездесуде қазақстандық футзалшылар сенімді ойын көрсетті.

Құрама сапынан алдымен Шыңғыс Есенаманов 10, Дәурен Тұрсағұлов 11-минуттарда есеп ашқан еді. Мұнан кейін коста-рикалық құрама бір голмен есеп айырмасын қысқартты. Ал қазақстандықтар қатарынан Дуглас Жуниор 14, Тайнан 17-минуттарда есеп айырмасын арттырды.

Екінші кезеңде Біржан Оразов пен Тайнан 27-минутта екі мәрте қақпаны дәл көздеп, жеңіске жақындай түсті. Осылайша Қазақстан қарсыласын 6:1 есебімен жеңді.

Әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы А тобында сынға түседі. Қарсыластары Литва, Венесуэла, Коста-Рика. Енді Қазақстан құрамасы 15 қыркүйекте Литвамен ойнаса, 18 қыркүйекте Венесуэламен шеберлік байқасады. Топтық кезең ойындары 12-20 қыркүйек аралығында болады.

Ал 1/8 финал 22-24 қыркүйекте өткізілсе, ширек финал 26-27, жартылай финал 29-30 қыркүйекте ойналады. Финал мен 3-орын үшін сайыс 3 қазанға белгіленген.