Рафаэль Надаль Australian Open турнирінің жеңімпазы атанды

Рафаэль Надаль Australian Open турнирінің жеңімпазы атанды

Рафаэль Надаль «Үлкен дулыға» санатына жататын Australian Open турнирінде топ жарды.

Дүниежүзілік рейтингте 5-орында тұрған испаниялық Рафаэль Надаль финалда әлемнің 2-ракеткасы, ресейлік Даниил Медведевпен кездесті.

Мельбурнде өткен ақтық ойынды ресейлік теннисші тамаша бастады. Тәжірибелі қарсыласының адымын аштырмай, алғашқы екі сетті 6:4, 7:6 есебімен өз атына жазды.

Әйткенмен, қалған бөлікте азулы Надаль мінез көрсетті. 35 жастағы спортшы 6:4, 6:4, 7:5 есебімен үш сетте жеңіске жетті. 

Матч бес жарым сағатқа созылды. Надаль мансабындағы 21-ші титулына қол жеткізді.

Айта кетейік, осы додада қазақстандық теннисші Анна Данилина да бақ сынаған болатын. Өкінішке қарай, ол бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен жұптасып, финалда жеңіліс тапты. Анна бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен бірге финалда әлемнің жұптық сындағы бірінші ракеткалары, чехиялықтар Барбора Крейчикова – Катерина Синяковамен шеберлік байқасты. Олар үш сетте жеңіліп қалды - 7:6 (7:3), 4:6, 4:6. Нағыз финалға тән тартысты бәсеке 2 сағат 42 минутқа созылды.

Сәтсіздікке қарамастан, Данилина Australian Open-2022 чемпионатында өнер көрсеткен уақытта жұптық разрядтың әлемдік рейтингінде жоғарылап, Елена Рыбакинадан озып, Қазақстанның бірінші ракеткасы атанды.