Бейжің-2022: фристайлдан алғашқы іріктеу жарысы өтті

Ақ олимпиаданың алауы ертең жанады. Ал жарыстар кеше басталып кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ойындар шымылдығын керлинг шеберлері түрсе, бүгін фристайлшы қыз-жігіттер жарыс жолына шықты.

Жандос Айтбайұлы, тілші:

– Бейжіңде жүрген БАҚ өкілдерінің біразы бүгін Чжанцзякоудағы фристайлшылардың жарысын тамашалауға келді. Қазақстан делегациясының барлығыда осы маңда жүр. Өйткені жүлдені фристайлдың могул түрінен күтенініміз рас. Дәлірек айтсақ, Юлия Галышева мен Павел Колмаков және Дмитрий Рейхердтардың жолына үмітпен қарадық. Бірақ жерлестеріміздің бірінші күнгі нәтижесі көңіл қуантпайды. Ретімен айтсақ алдымен жарыс жолына қыздар шықты. Олеся Граур жылдамдығы жақсы болғанымен, жаттығуларын орындау барысында қателіктерге бой алдырды. Енді алтыншы ақпан күні финалдық кезеңге жолдама алу үшін аянып қалмаймын деп отыр.

Олеся Граур, Қазақстан құрамасы:

–Жарыс трассасы қолайлы болды. Дегенмен Әлем кубогындағы трассалардан ұзын және қаттылау екен.

Қыздар арасынан алғашқы іріктеу кезеңінде Аяулым Әмренова ең тәуір нәтиже көрсетті. Кезең қортындысы бойынша қандасымыз, 16 сатыдан көрінді. Аяулымға сәттілік серік болғанда ондыққа кіретін еді. Енді келесі кезеңде сауаттылық  танытса, финалдық кезеңге жолдама алатын мүмкіндігі бар.

 

Аяулым Әмренова, Қазақстан құрамасы:

– Негізі ондыққа кіремін ба деген ой болған. Бірақ кішкене жетпей қалды. Алтысы күні көрермін. Бәрі жақсы, трасса өзінше біраз қиындау.

Қыздар арасында ең жас қатысушы 17 жастағы жерлесіміз Анастасия Городко өрескел қателік жіберіп алды. Жарыстан кейін сұхбат беруге де көңіл-күйі болған жоқ. Ал біз үкілеген Юлия Галышева  қатысушылардың тізімінде болғанымен, жарыс жолына шықпады. Не үшін екенін нақты біле алмадық. Осындағы ұлттық олимпиада комитеті өкілдерінің айтуынша, бапкерлер шешімімен келесі кезеңге қатысатын көрінеді. Ал жігіттер жақсы нәтиже көрсетті деп айта алмаймыз. Тәжірибелі спортшыларымыз үздік ондыққа кіре алған жоқ. Жарыстан кейін Павел Колмаков тіпті сұхбат беруге жарамады. Тілшілермен тілдесуге қыздарымыздың ғана батылы жетті. Ертең ойындардың ашылу салтанаты. Бейжің олимпиадасы енді қызады.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Дәурен Жұрхабаев