Шымкентте оқушылар арасында спорттық лига басталды 

Салауатты өмір салтын насихаттайтын «Шымкент жастар лигасы» дәстүрге айналды. Биыл үшінші рет ұйымдастырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ауқымды жоба бес мыңнан астам жас өреннің басын қосып,  спортқа баулиды. Ұйымдастырушылар жаңа маусымда бақ сынайтын командаларға сәттілік тіледі. 

Шыңғыс Мұқан, қала әкімінің бірінші орынбасары;

– Биылғы жыл былтырғы жылдан да қызықты, былтырғы жылдан да тартысты өтетініне сенімім мол. Бұл «Жастар лигасы» тек спорт та ғана емес өмірде де үлкен жеңістерге жол ашатын бастама жоба десек болады.

Биыл жарыс жолына 138 мектептен 514 команда шығады. Білім беру ұйымдары футбол, волейбол, баскетбол және шахмат үйірмесінде іріктелген үздіктерден мектеп намысын қорғайтын топ жасақтады.

Алмас Қайыпов, №65 мектеп – гимназияның директоры:

– «Жастар лигасына» қатысатын кезде жүйелі түрде дайындалдық. Мектепте оқитын бала саны өте көп. Олардың арасынан ең үздіктерін таңдап, алып баруға мүмкіндік болды. Бұл біздің мектепте жұмыс істеп жатқан денешынықтыру пәні мұғалімдерінің ерен еңбегінің жемісі.

Салтанатты шарада өткен маусымның жеңімпаздары марапатталды. Сайыс үздіктеріне демеушілер есебінен шағын автобус сыйға тартылды.  

Ерсұлтан Бақтыбай, №45 мектеп-гимназияның оқушысы:

- Жеңісімізге ризамыз. Бақыттымыз. Өзіміздің еңбектің арқасында талпынып, тринеровканы жақсы істеп соның арқасында ұттық деп ойлаймын.

«Шымкент жастар лигасы» оқу жылының соңына дейін үздіктерді іріктейді. Осылайша білімі мен спорттағы белсенділігі үйлесім тапқан команданың лига тарихында аты қалады.

Авторлары: Нұрсұлатан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов