ATP 500: теннис турнирінде Бублик жеңіске жетті

Елордада теннистен ATP 500 санатындағы теннис турнирі жалғасып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айта кету керек, Астана қаласы бұндай деңгейдегі бәсекені алғаш қабылдап тұр. Жарыстың кезекті күні кордқа қос қазақстандық теннисші шықты. Алдымен Михаил Кукушкин грекиялық Стефанос Циципаспен жолықты. Ол әлемдік рейтингте қазір 6-орында тұр. Сәйкесінше, Михаил айқын басымдықпен есе жіберді. Қорытынды есеп: 3:6, 4:6. Артынша тағы бір жерлесіміз Александр Бублик нидерландылық Таллон Грикспорпен кездесіп, 6:0, 4:6, 6:3 нәтижесімен жеңді. Бұл жерде де тағы қазақстандық теннисшінің рейтингі жоғары болды. Сондықтан көпшілік осындай нәтижені күтті. Бірақ екінші айналымда Александр мықты қарсыласпен кездеседі. Жарыстағы басты фавориттердің бірі польшалық Хуберт Хуркачпен ойнайды.

Айта кетейік, бұған дейін тағы бір жерлесіміз Бейбіт Жұқаев бірінші кезеңде нидерландылық Ботик Ван Де Заншульпке есе жіберіп, жарыс жолынан шығып қалған еді. Жекелей сында еліміз атынан осы 3 спортшы ғана өнер көрсетіп жатыр.

Александр Бублик, қазақстандық теннисші:

Өз алаңымызда өнер көрсеткен жақсы, әрине. Бірақ жауапкершілігі де бар. Ашығын айтайын, ойын өте қиын болды. Қарсыласым кәдімгідей табандылық танытты. Бірақ соған қарамастан, жеңіске жеткеніме қуаныштымын. Әсіресе мені қолдауға келген көпшілікке жақсы әсер сыйладым деп ойлаймын. Әрі қарай да бабымды жоғалтпай, жеңіске жетуге тырысам.

ATP 500: Алькарас алғашқы айналымнан аспады

Алькарас жарыстан шығып қалды. Елордада ATP 500 санатындағы теннис турнирі аясында күтпеген жағдай тіркелді. Әлемдік рейтингте бірінші тұрған Карлос Алькарас алғашқы айналымнан аса алмады. Ол бірінші кезеңде бельгиялық Давид Гофенмен кездескен еді.

Айта кетейік, Давид жалпы тізімде 66-орында тұр. Соған қарамастан жақсы өнер көрсетіп, бірінші кезеңде 7:5 есебімен алға шықты. Екінші кезеңде көпшілік Алькарас есе қайтарады деп үміттенген. Бірақ тағы да жолы болмады. Қорытынды нәтиже: 6:3. Осылайша, әлемнің ең үздік теннисшісі алғашқы матчтан кейін үйіне оралуға мәжбүр.

Еске сала кетейік, бұған дейін жарыстың баста фавориті саналған швейцариялық Стэн Вавринка мен ресейлік Аслан Карацев та аяқасты жеңіліп қалды. Ал, қарсыластарының жетістігін спорт мамандары сенсацияға балап жатыр. Елордадағы турнир 10 қазанға дейін жалғасады. Ал оның жалпы жүлде қоры 1 миллион 900 мың долларды құрайды.

Давид Гоффин, бельгиялық теннисші:

Көпшілік үшін күтпеген нәтиже болды. Бірақ мен өзіме сендім. Бұның барлығы жарыс алдындағы дайындыққа және әр теннисшінің көңіл-күйіне байланысты ғой. Ең керемет кездесуім дей алмаймын. Бірақ әлемнің ең үздік теннисшісін қапы қалдырып, айқын басымдықпен ұтқаныма қуаныштымын.

ҚХЛ: ЖЕҢІСТЕР СЕРИЯСЫ ҮЗІЛДІ

Шайбалы хоккейден ерлер арасындағы құрлықтық лига жалғасып жатыр және бұған дейін мықты командаларды ұтып келген «Барыс» аяқасты аутсайдерге есе жіберіп алды. Кезекті матч елордада өткен болатын. Қазақстандық клуб бұл жолы татарстандық «Нефтехимик» командасын қабылдады. Қонақтар есеп ашты. 11-минутта Андрей Белозеров мергендігімен көзге түсті. Көп ұзамай «Барыс»  сапындағы Джереми Бракко таразы басын теңестірді. Екінші кезеңде Нефтехимик тағы алға шықты. Бұл жолы Андрей Чивилев мүмкіндігін мүл жібермеді және дәл осы нәтиже ойын соңына дейін сақталды. Турнир тізімінде айтарықтай өзгеріс бола қойған жоқ. Есе жіберген «Барыс» Шығыс Конференциясындағы 6-орнында қалды. Бірақ, бір саты төмен тұрған Адмиралмен арасын 3 ұпай ғана бөліп тұр. Андрей Скабелка баптайтын жігіттер енді сырт алаңдағы кездесулерін бастайды. Мәселен, ертең Төменгі Новогород қаласында жергілікті Торпедомен жолығады.

РАХМОНОВ АЛДЫҢҒЫ ОНДЫҚТА

Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері UFC рейтингіндегі жағдайын жақсартып, ең үздік 10 спортшының қатарына қосылды. Оған америкалық Хорхе Масвидалдің 2 саты төмендеуі түрткі болды. Соның арқасында Шавкат жартылай орта салмақ спортшыларының тізімінде 1 саты көтерілді.

Айта кетейік, бұған дейін ол жеңістер сериясы бойынша UFC-дегі алдыңғы 5 спортшының бірі болған еді. Шавкат бүгінге дейін 16 жекпе-жек өткізді. Оның 4-еуі осы ұйым аясында ұйымдастырылды. Ал, ең соңғы кездесуі бірер ай бұрын Лас Вегас қаласында болды. Шавкат Рахмонов тағы бір америкалық Нил Мэнгимен жолығып, екінші раундта қылқындыру әдісімен ұтқан болатын. Нил Мэнги жаңартылған рейтингте 13-сатыға жайғасты.