Павлодарда өткен кәсіби шеберлік чемпионатына 24 мемлекеттің жастары қатысты

Павлодарда өткен кәсіби шеберлік чемпионатына 24 мемлекеттің жастары қатысты

Қазақстанның ұлттық құрамасы байқаудың 30 бағыты бойынша өнер көрсетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың қатарындағы Дина Афанасьева қатарластарының алды бола білді. Бірнеше күн қатарынан заманауи веб технологиялар бойынша шеберлік байқасты. Еңбек зая кетпеді. Дина – байрақты бәсекенің қола жүлдегері.

Дина – Торайғыров университетінде ақпараттық жүйелер мамандығы бойынша білім алады. Бұған дейін веб-технологиялар бағытындағы жарыстарға қатысқан. Өткен жылы Австрияда өткен Еуропа чемпионатында да үздік үштікке енген.

Дина Афанасьева, Worldsskills competetion чемпионатының қола жүлдегері:

- Үшінші орынды қытайлық студентпен өзара бөлістік. 24 жастың ішінде үздік атану мен үшін абырой. Бұл жүлдеге тынымсыз еңбектің арқасында қол жеткіздік. Қолдау көрсеткен ұстаздарыма рахмет айтамын. WorldSkills байқауларына соңғы үш жыл бойы қатысып жүрмін. Чемпионат кәсіби шеберлігімді шыңдауға мүмкіндік береді.

WorldSkills – жұмысшы мамандықтарды дамытуға бағытталған шара. Қазақстан бұл қозғалысқа 2014 жылы 70-ел болып енді. Биыл еліміз халықаралық чемпионатта алғаш рет қола жүлдеге ие болды. Сондықтан Динаның жетістігі ел үшін тарихи жеңіс деп ауыз толтырып айтуға болады.

Нұрдәулет Жанайдаров, Worldsskills  ұлттық қозғалысының сарапшысы:

- 24 елдің ішінен үшінші болып, қола жүлде алып келу – Қазақстан үшін тарихи жетістік. Бұған дейін әлемдік чемпионатта медаль алу мүмкіндігі болмаған. Бұл жақсы, тың серпіліс беріп, тек қана веб-әзірлеу емес, басқа да құзыреттіліктер бойынша Қазақстан құрамасы жақсы нәтиже көрсетіп, жастар ішінде айти саласы болсын, жұмысшы мамандықтардың кез келгеніне қызығушылығы арта түседі деген менімдемін.

Қазақтың көк туын желбіреткен Динаға жерлестері сый-құрмет көрсетті. Дарынды жас облыстық «Тәуелсіздік ұрпақтары» сыйлығына ие болды.

Айта кетейік, бұл жеңістен соң білікті маманның кез келген Еуропа елінде жұмыс істеуге мүмкіндігі бар.  Десе де, ол оқуын тәмамдаған соң ешқайда бармай, отандық IT саласын  дамытуға ниетті. 

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Аслан Қаженов,  Марат Игіліков