Білікті бапкер жетіспейді – спорт

Елімізде жыл санап спорттық инфрақұрылым қатары артып келеді. Бірақ, онда жұмыс істейтін маман тапшы. Әсіресе шалғайда жатқан ауылдардан білікті бапкер табу тіпті, қиын. Саланың басы-қасындағылар елеусіз қалған осы мәселелердің түйінін тарқататын уақыт жеткенін айтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елімізде спорт мамандарын даярлайтын 40-тан аса оқу ордасы бар. Оларды жыл сайын 2 мыңға жуық адам тәмамдайды. Бірақ көбі диплом бойынша жұмыс жасауға құлықсыз. Салдарынан кәсіпқой спорттың кей бағыттары ақсап жатыр.

Елдос Чикенов, Қазақстан спортшылар одағы төрағасының орынбасары:

– Жеңіл атлетика болсын, оның 36 дисциплинасы бар болғандықтан кейбір техникалық бағыттарда жаттықтырушы жоқ. Сонымен қатар жүзуден де өте үлкен тапшылық. Синхронды жүзу бойынша мүлде тренер жоқ. Академиялық ескек есу бойынша тек Теміртау мен Алматыда кішкентай ұйым бар, сол спорт түрлерінде тапшылық бар.

Маман тапшылығынан бөлек, осы қызметке келген жастардың біліктілігіне қатысты да мәселе көп. Басым бөлігі өз жұмысын жете білмейді. Салдарынан балалар спорты және бұқаралық спорт кенже қалып тұр. Оны құзырлы министрлік те мойындайды. Сәйкесінше, арнайы бағдарлама дайындалып, оны Үкімет деңгейінде талқылап жатыр.

Саясат Нұрбек, қр ғылым және жоғары білім министрі:

– Жоғарғы білім саласындағы маңызды бағыттардың бірі педагог мамандары даярлау сапасын арттыру. Осы ретте педагогикалық ЖОО-ларының акредиттеуден өткізу стандарты әзірленіп жатыр. Бұл Оқу-ағарту министрлігімен тығыз атқарылатын жұмыс. Заманауи талаптарға сай кәсіби құндылықтарды анықтайтын педагогтардың құзіреттілік шеңбері мен кәсби стандарды дайындалып жатыр. ЖОО-лардың бағдарламасын өзгертетін боламыз.

Ал спортқа жауапты министрлік маман тапшылығын жою мақсатында жаттықтырушылар жалақысын кезең-кезеңмен көбейтуді қолға алды. Бұл жұмыстар 2020 жылы басталды және қазіргі уақытта бапкерлер айлығы 75 пайызға артқан. Бұған қоса, жыл сайын аталған мамандықтар бойынша 250 арнайы грант бөлінеді. Тіпті спорт мамандарын даярлайтын бөлек университет ашу да жоспарланып отыр.

Аманбай Нұрмұханбетов, ҚР МСМ спорттық резерв және әдістемелік қамтамасыз ету басқармасының жетекшісі:

– Жаттықтырушыларға деген сұранысты жою мақсатында Астанада ұлттық университет салынуда. 2025 жылы қолданысқа беріледі деп жоспарланып отыр. Онда жаттықтырушы-оқытушылар арнайы дайындалатын болады. Спорт менеджерлері және спорт психологтары. Ал қазіргі таңда ЖОО-дарда денешынықтыру пәнінің мұғалімдерін даярлап жатыр.

Бұған қоса, спортта жоғары жетістікке жеткен ұл-қыздарға арнайы грант қарастырылып, оқуға түсуге ынталандыру тетіктері де қолға алынған. Осы және өзге де бастамалар саладағы мәселені кешенді түрде шешуге көмектеседі дейді мамандар.

Авторлары: Аслан Қаженов, Әлішер Накипов, Ербол Дайыров