Ақтауда тоғызқұмалақтан командалық ел чемпионаты басталды

Ақтауда оқушылар мен студенттер арасында тоғызқұмалақтан командалық ел чемпионаты өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұлттық спорт сайысында екі қала және сегіз өңірден келген 80-ге жуық спортшы бақ сынайды. Облыс немесе қала намысын қорғайтын әр топ 6 ойыншыдан құралған. Чемпионат соңында үздік үштікке кірген командалар Қазақстан құрамасына қабылданады. Сондай-ақ жеңімпаздарды спорттық дәреже мен бағалы сыйлық күтеді. Жалпы жыл басынан бері тоғызқұмалақтан 7 чемпионат, Қазақстан және Азия кубогі өткен болатын. Маңғыстау облысында болып жатқан жарыс 7 қарашада аяқталады.

Жандәулет Жанәбілов, жарысқа қатысушы /Алматы/:

Барлық командалар жақсы дайындықпен келген. ҚР чемпионаты болып жатқандықтан әр команда жеңімпаз болғысы келеді. Әрине біздің дайындығымыз да ынтамыз, құлшынысымыз да жеткілікті деп ойлаймын.

Дәулет Әбдікәрім, тоғызқұмалақтан мемлекеттік жаттықтырушы:

– 80-дей спортшы қатысып отыр дедік қой, соның 3-уі халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 2-уі Қазақстан Республикасының спорт шебері. Қалғаны спорт шеберіне үміткер. Бұдан кейін бізде бұйырса, Ақтөбе қаласында VI әлем чемпионаты өтейін деп жатыр.