Ташкентте Орталық Азия дербиі өтеді

Бүгін Ташкентте Қазақстан мен Өзбекстан футбол құрамалары кездеседі.

Ойын Пахтакор орталық стадионында өтеді. Екі елдің ұлттық құрамалары бұған дейін алты мәрте кездескен. Соның үшеуі тең есеппен аяқталса, тек біреуінде қазақстандық аяқдопшылар жеңіске жеткен. Қалған екі ойын қарсыластардың пайдасына шешілді.

Орталық Азияның негізгі дербиіне баланған матч 35 мың жанкүйер сыятын Пахтакор стадионында өтеді. Жасыл алаң жасанды емес, табиғи. Мұнда жергілікті футбол клубы жаттығады. Бірнеше рет Азия құрлығындағы негізгі жарыстар өткен. Магомед Адиевтің шәкірттері Ташкентке күні бұрын жетті. Бас бапкердің айтуынша, бұл жолы өзгеше ойын тәсілі қолданылады. Негізгі мақсат – алдағы Еуропа чемпионатының іріктеу сындарына дайындықты күшейту.

Магомед Адиев, футболдан Қазақстан ұлттық  құрамасының бас бапкері:

- Мен әрқашан Қазақстан мен Өзбекстан бауырлас халықтар деп санаймын. Ертең «бауырлар» дербиін күтеміз деп айтуға болады. Алайда футбол алаңында барлығын екінші орынға қоямыз. Әрине, ертеңгі ойынға дайындықпен келеміз. Қарсыласты құрмет тұтамыз. Аз уақыт ішінде дайындаған ойларымызды іске асыруға тырысамыз. Нәтижесін ойын көрсетеді.

Асхат Тағыберген, Бақтиер Зайнутдинов, Абат Айымбетов сынды көшбасшы ойыншылар құрама сапына қосылды. Футболдан уақытша шеттетілген Бауыржан Исламхан да қатарда. Жаттығу кезінде әлі бабында екенін байқатты. Өзбекстан жолдастық кездесуге мықты құраммен шығуды көздеп отыр. Ондағылар дербилік матчты асыға күткен. Соңғы рет екі елдің аяқдопшылары жасыл алаңда 2007 жылы кездесіп, тең нәтижемен тарқасқан болатын.

Асхат Тағыберген, футболдан Қазақстан ұлттыұ құрамасының капитаны:

- Әр адамның, әр жанкүйердің өз ойы бар. Өзбекстан құрамасы техникалық жағынан жақсы жабдықталған деп айтып жатырсыздар. Ол баяғыдан келе жатқан тенденция деп ойлаймын. Командалық жағынан Қазақстан құрамасы жаңа қырынан көрінді. УЕФА Ұлттар лигасында жақсы ойын көрсеттік. Техника да, ойын да болуы керек. Алайда барлығы жасыл алаңда шешіледі.

Қазақстандық жанкүйерлер үшін стадионнан 2 мың орын берілді. Матчты Өзбекстанда жұмыс істеп және білім алып жүрген отандастарымыз тамашалай алады. Ойын күні жауын жаууы мүмкін. «Дегенмен бұл жағдай матчқа еш әсер етпейді», – дейді ұйымдастырушылар.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Қазақстан мен Өзбекстан ұлттық құрамалары арасындағы ойын Ташкент уақыты бойынша кешкі сағат 6-да басталады. Матчқа жергілікті қазақтардан бөлек, Шымкенттен де жүздеген жанкүйер келеміз деп құлшынып отыр.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Санжар Шатөлегенов