Елордада қоян-қолтық ұрыстан республикалық турнир өтті

Жекпе-жек жарысына еліміздің күштік құрылымдарынан 15 команда қатысты.

Дода кезінде 160 кіл мықты спортшы Қорғаныс министрінің кубогын сарапқа салды. Ерлер 8, ал әйелдер 3 салмақ дәрежесі бойынша өнер көрсетті. Спорттық шара осымен 5-ші рет ұйымдастырылып отыр. Бұл жолы жалпы командалық есепте Қорғаныс министрлігінің «Орталық спорт клубы» жеңіске жетті. Айта кету керек, турнир қорытындысы бойынша біліктілігі мен шеберлігіне қарай жеңімпаздарға «Қазақстан Республикасының спорт шебері» атағы беріледі.

Еркебұлан Түсіпханов, төреші:

- Жарыстың деңгейі өте жоғары. Бұл – осы федерацияның жоспарындағы жылдың соңына қойылатын жарыс. Бұл жарысқа барлық спортшылар тыңғылықты дайындалып келеді. Осы жарыста Қорғаныс министрлігінен бөлек, Мемлекеттік күзет, Ішкі істер министрлігі тағы сол сияқты құрылымдық күш өкілдері дайындалып келеді. Әрқайсысы өзінің чемпион екендігін дәлелдегісі келеді.