Футбол патшасы Пеле қайтыс болды

Пеленің қазасын дүйім жұртқа алғаш болып қызы хабарлады. Қарашаның соңында атақты аяқдопшы тоқ ішек қатерлі ісігін емдету үшін ауруханаға жатқызылған еді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кейінірек бұқаралық ақпарат құралдары оның халі нашарлап кеткенін хабарлады. Бірер күн бұрын Пеле достарымен, жақындарымен қоштасыпты.

Пеле – футболдан үш рет әлем чемпионы атанған жалғыз спортшы. Теңбіл доптың тарланы, шабуылдың шебері. Спорттық мансабында қарсылас қақпасына 1281 гол соққан. Сол үшін де Гиннестің рекордтар кітабына енді. Бүгінде ол футболсүйгіш Бразилияның пірі.

Эвертон Люцио, футбол жанкүйері:

- Пеле біз үшін Сантостың ойыншысы ғана емес еді. Пеле біздің өміріміздің бір бөлігі болды.  Отбасы мүшесінен айырылып қалғандаймыз. Пеле сияқты болуды армандамаған жан жоқ шығар?

Қазір бүкіл әлем халқы футбол падишасының өліміне қайғыра көңіл айтып жатыр. Әйгілі спортшылар, жұлдыздар мен мемлекет басшылары әлеуметтік желіде Пеленың қазасына қатысты жантебірентерлік жазбалар қалдырып жатыр.

Криштиану:

- Бүкіл Бразилия халқына соның ішінде Эдсон Арантис ду Насименту мырзаның отбасына көңіл айтамын. Футбол әлемінің қабырғасына қатты батқан бұл қазаның ауырлығын бір ғана қоштасу рәсімен жеткізу мүмкін емес. Пеле ешқашан ұмытылмайды. Ол біздің жүрегімізде мәңгі сақталады. Бақұл бол, Пеле!

Мбаппе:

- Футбол патшасы өмірден кеткенімен, артынан мұрасы қалды. Бақұл бол, патша!

Лионель Месси:

- Бақұл бол, Пеле.

Расымен де, Пеле футбол патшасы атағын абыроймен алып жүрді. Қайырымдылық істерге ат салысты, әлемдегі футболдың дамуына үлес қосып, ел-елді аралады. ФИФА-ның уәкілі болды.