Бибісара Асаубаева шахматтан мықтылығын кезекті рет дәлелдеді
Қазақ қызы екінші орында. Қазақстандық Бибісара Асаубаева шахматтан Қытайда өткен халықаралық турнирге қатысып, өз мықтылығын кезекті рет дәлелдеді.
Синай қаласындағы сайыста әлемнің ең үздік деген 12 спортшысы бағын сынады. Араларынан қазақстандық Бибісара Асаубаева мен әзірбайжандық Гюнай Мамедзаде барлық кездесуін сәтті өткізіп, екеуі де 8,5 ұпайдан жинады. Бірақ, қосымша көрсеткіштер бойынша жерлесіміз бір саты төмен орналасты. «Жыл жаман басталған жоқ. Алайда, осы жарыстағы олқылықтарды ескеріп, алдағы ойындарда нәтиже шығару керек», - дейді Бибісара әлеуметтік желіге қалдырған жазбасында.
Айта кетейік, ол бірер апта бұрын ғана Алматыда өткен әлем чемпионатына қатысып, шахматтың блитц түрі бойынша жеңімпаз атанды. 18 жастағы қазақ қызы осымен 2-ші мәрте дүниежүзілік додада топ жарып отыр.