Қазақстан АҚШ-тағы Универсиадада тоғызыншы орында тұр
Лэйк-Плэсид Универсиадасының үшінші жарыс күні Қазақстан құрамасына жүлде бұйырмады.
Шаңғышы қыз-жігіттерге үміт артқан едік, спринттік жарыста финалға шыға алмады. Конькишілерде алысқа бара алған жоқ. Ал мәнерлеп сырғанаудан Михаил Шайдоров жүлдеге бір табан жетпей қалды.
Біз келгелі түнеріп тұрған Лэйк-Плэсид ауа-райы бүгін ашылды. Тіпті түске қарай бір градусқа дейін жылынып, ұйытқыған желде тоқтады. Қысқасы спортшылардың еркін көсілуіне ештеңе кедергі болған жоқ. Алайда біз үміт артқан шаңғышылар шапшаңдық таныта алмады. Ерлер арасында ең үздік нәтиже көрсеткен Иван Люфт жартылай финалдан қайтты. Өзгелері іріктеуден аса алған жоқ.
Дидар Қасенов, шаңғышы:
- Өзім ойлағандай жасай алмадым енді. Күшім жетпей қалды, әлі дайындалу керек, көп жұмыс істеу керек дайындық жағынан.
Қыздар арасында Айша Рақышеваның жеңіске деген жігер мінезін байқадық. Іріктеуден іркілмей өткен Айша ширек финалда да топ бастаған. Өкінішке орай мәреге таяған тұста таяғын сындырып алып қарсыластарына жол беріп қойды.
Айша Рақышева, шаңғышы:
- Үш қарсыласым алдыда келе жатты да, қазір мен алдыға шығып алайын деп сол жаққа қарай шықтым. Содан кейін оздым олардан. Жылдамдықтары сондай мықты емес екен. Сөйтіп бұрылыста өзімді өзім игере алмай қалып, түсінбей қалдым не болғанын таяғымды сындырып құлап қалғаным бүгін сәтсіздеу күн болды. Бүрсікүнгі жарыста бар күшімді саламын деген ойдамын. Ешқашан берілмеймін.
Мәнерлеп сырғанаудан жігіттеріміз жарады. Михаил Шайдоров пен Диас Жиренбаев қысқа бағдарламадан кейін үздік ондықта тұрған. Еркін бағдарламада екеуіде елдің ықыласына бөленді.
Диас Жиренбаев, мәнерлеп сырғанаушы:
- Жақсы нәтиже көрсеттім деп ойлаймын. Универсиада ойындарында 4-орын алудың өзі үлкен жетістік. Қысқа бағдарлама кезінде каскад жасай алмадым. Осылайша медальдан шет қалдым.
Михаил Шайдоров жүлделі орынға қол созым жетпей қалды. Тіс қаққан жапон жігіттері Сота Ямамото мен Тацуя Цубой алтын мен күмісті өзара бөліссе, қола италиялық Мемоланың қанжығасында кетті. Бүгін хоккейшілеріміз Британия құрамасымен айдынға шықты.
Жандос Айтбайұлы, тілші:
- Кларк университетіндегі орталық айдында тұрмыз. Жаңа ғана осы жерде Қазақстан құрамасы Британия хоккейшілерімен кездесті. Есеп 15-те 1, иә біздің жерлестіріміз ірі есеппен іркілмей өтті. Дегенмен, Мәмбетәлиев шәкірттерінің қаншалықты мықты екенін енді алдағы күндері білетін боламыз. Өйткені, біздің топтағы басты қарсыластарымыз Словакия мен АҚШ құрамасы. Дегенмен осы универсиада ойындарында Қазақстан шайбалы хоккейден алғашқы үштіктен көрінуді жоспарлап отыр.
Әзірге жалпы командалық есепте 5 алтын, 3 күміс, 1 қола медаль алған жапондар жеке дара топ бастап келеді. Қазақстан бір алтын медальмен 9-орында келеді.
Жандос Айтбайұлы