Универсиада-2023: екінші алтын қоржынға түсті
Лейк-Плэсид Универсиадасының дүйсенбілік жарыс күні Қазақстан құрамасының қоржынына тағы бір алтын түсті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Шаңғымен тұғырдан секіруші Данил Васильев орташа трамплинде ең үздік нәтиже көрсетіп, Универсиада чемпионы атанды. Жерлесіміздің осы жеңісінен кейін Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте 6-шы орынға көтерілді.
Кейде жүлде біз күтпеген жақтанда келіп қалады. Әдетте қанатты шаңғышыларымыз мықтыларды маңайлай алмай жүретін. Бүгін Данил Васильевке ерекше қанат бітіп, алысқа самғады. Австрияның 2 бірдей спортшысын артқа тастаған жерлесіміз Универсиада чемпионы атанды. Студенттер спортына жасалған қолдаудың арқасында қыз-жігіттеріміздің жеңіске деген жігері арта түсті, - дейді мамандар.
Гүлбарам Құлахметова, FISU білім комитетінің мүшесі, ҚР студенттер спорт одағының директоры:
- Осы 31-ші Универсиадаға Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекұлы өзі келіп, спортшыларымызға керемет шабыт беріп кетті. Тек Универсиада емес, кез келген байрақты бәсекелерде жүлде алған спортшыларымызға министрлік тарапынан гранттар бөлінетінін және де тағы да басқа қолдау көрсетілетінін айтып кетті.
Биатлоннан аралас эстафетада бапкерлер Александр Мухин мен Арина Крюковаға сенім артыпты. Тәжірибелі деген Мухин бұл жолы да мүлт кетті. Рас, шаңғымен жүгіргенде алдына жан салған жоқ. Бірақ ату айлағына келгенде қолы дірілдеп, мергендік таныта алмады. Керісінше, Арина тәуір атты. Бір ғана оғы қисық ұшты демесеңіз, қалған кезде нысананы дәл көздеді. Осылайша, біздің жерлестер жүлдеге бір табан жетпей, 4 -ші сатыға тұрақтады. Одан кейін конькишілер жарысына бардық. Ашық аспан астындағы мұз айдыны біздің Медеумен салыстыруға келмес, дегенмен өзіндік тарихы бар екен. Яғни, дәл осы жерде 1932 жылғы Лэйк-Плэсид олимпиадасының ашылу рәсімі өтсе, спортшылардың ең алғаш тұғырға шыққан кезі де осы айдында болған екен. Конькиші жігіттер бүгін 5 мың метрге жарысты. Бұл – енді нағыз мықтылардың сайысы. Өйткені кез келген конькиші ұзақ қашықтыққа жүгіре бермейді. Қазақ ұлдарының да коньки тебе алатынын Бағдәулет дәлелдеді. Нағыз бабында екен, әттең бағы жанбады.
Бағдәулет Сағатов, конькиші:
- Мұзы Медеумен бірдей десем де болады. Жақсы. Алдымызда әлі 4 күн бар. 4 қашықтық жүгіремін. Орын алуға әлі мүмкіндіктер бар. Барымды салып, күшімді салып, орын алуға тырысамын. Бүгінгі 5-ші орын алдым. 3-ші орынға бір 4 секундтай жетпеді.
Хоккейшілеріміздің қарқыны күшті. Ғалым Мәмбетәлиев шәкірттері қарсыластарына бет қаратар емес. Корея мен Венгрия және Британия құрамасын ірі есеппен ұтқан біздің жігіттер бүгін азулы деген Словакияны да сан соқтырды. Есеп – 4:0. Енді Қазақстан құрамасы америкалықтармен айдынға шығады.
Авторы: Жандос Айтбайұлы.