ҚХЛ: «Металлург» - «Барыс» 2:1
«Барыс» баяғы қарқынын жоғалтып алған секілді.
Мықтыларға күш көрсетіп, турнир кестесінің бел ортасында жүретін команда қазір көш соңында келеді. Азуы мұқалған «Барысты» әлсіздердің өзі тұқыртып алады. Скабелка шәкірттері кеше Магнитагорскінің «Металлургына» қонаққа барды. Кеншілер қаласының командасы батыс конференциясында үздіктердің бірі саналады. Қалт-құлт еткен Қазақстандық ұжымды ірі есеппен ұтуға тырысқаны анық. Алайда «Барыс» азу көрсетіп, лайықты қарсылық көрсетті. 8-ші минутта Джереми Бракко есеп ашып, елордалықтарды алға жетеледі. Айдын иелері үзілістен кейін ес жиды. Андрей Чибисов «Барыс» қақпасынан саңлау тапты. Негізгі уақытта матч тең аяқталды. Овертаймда «Металлург» жігіттері мергендік танытты. Денис Зернов командасына жеңіс сыйлады. Осы сәтсіздіктен кейін «Барыс» шығыс конференциясында оныншы орынға сырғыды. Ертең елордаға «Северсталь» командасы келеді.