Риддер қаласының кәсіпкерлері шаңғы спортын дамытуға атсалысуда

Шығыс Қазақстандағы Риддер қаласы қысқы спорт түрлерінің ұстаханасы мәртебесіне қайтадан ие болды деп айтуға толық негіз бар.

Өйткені жергілікті шаңғышы Сергей Ткаченко Лейк-Плэсидте өтіп жатқан Универсиадада еліміздің қоржынына алтыншы медальды салды.

Риддерде сол даңқты спортшыларымыздың ізін басар лайықты ұрпақ өсіп келеді. Қаладағы кәсіпорындар спорт секцияларына қолдау көрсетіп, қымбат спорт жабдықтарын да жаңалап берген.

Бұл әзірге жас спортшының құлаған сәті ғана. Тынымсыз жасалған осындай жаттығулар арқылы ол алдағы уақытта биікке самғай алады. Шаңғыға жаңа тұрған мектеп оқушысының беталысы жаман емес. Алдағы уақытта бұл спортқа өзінен бұрын келген қатарластарын басып озып, тіпті үлкен спортшыларды да қуып жетуі бек мүмкін. Өйткені таулы Риддердегі ойын балалары қысқы спорт түрлеріне мықтап ден қойған. Мұнда бүкіл бір шаңғышылар династиясы қалыптасып жатқанын да айта кетейік. 11 жастағы Захар Ганженко өзі шамалас шаңғышылар арасында өңірдегі мықты спортшылардың үштігіне кіріп үлгерді. Оның үлкен жарыстарда топ жаратын күні алыс емес.

Захар Ганженко, спортшы:

- Менің әлем чемпионы атанғым келеді. Ол үшін жаттығуды үзбей жасап жүрмін. Әзірге ойға алған әдіс-тәсілдердің барлығын біртіндеп меңгеріп жатырмын.

Захардың жас болса да, өз өзіне өте сенімді екені байқалып-ақ тұр. Риддерлік балалар қазір Қазақстан чемпионатына қызу дайындалып жатыр. Ал жергілікті жаттықтырушылар Риддерге қысқы спорт түрлерінің отаны атағын қайтарып алуға барын салуда. Он жыл бұрын ұлттық құрама сапында өнер көрсететін шаңғышылар мен биатлоншылардың 80 пайызы осы Риддер спортшыларынан жасақталатын. Жергілікті спорт клубын құрған Алексей Ковалев алғашқы командаға қажетті жабдықтарды алып берді. Ол қысы-жазы шаңғы тебуге арналған жолдың жобасын жасауға да қажетті қаржыны тауып қойған.

Алексей Ковалев, спорт клубының жетекшісі:

- Біз оның жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу ісін жақында аяқтаймыз. Шаңғы трассасының құрылысы клуб мүшелері мен өзге де демеушілердің қолдауы арқылы жүзеге асады. Жергілікті кәсіпорындар біздің бұл бастамамызға үлкен қолдау көрсетіп жатыр және олардың қатары жыл сайын артып келеді.

 «Біздің жақта қыс ұзақ» деп қазақтың қабырғалы қаламгері Оралхан Бөкей айтпақшы, Риддерде 6 ай бойы қыс болады. Қысқы спортты дамытуға арналған әдемі тау жоталары да сонадайдан мен мұндалап, көз тартады. Сондықтан мұнда шаңғы спортын дамытуға салғырт қарасақ – оны келешек ұрпақ кешпейді. Оның үстіне оңтүстіктегі Жамбыл, Түркістан облыстарында да ірі курорттық тау шаңғысы базаларының құрылысына арналған жобалар әзірленіп жатыр. Мемлекет басшысының қысқы спорт түрлері бойынша халықаралық жарыстарда өнер көрсететін ұлттық резервтің дайындығын арттыру жөнінде тапсырма бергені белгілі. Ол дүбірлі додалардың тізіміне 2024 жылғы Олимпиада ойындары да кіреді.