Бангкоктағы бокстан Азия чемпионаты: қоржынымызда қос алтын
Жарыстың кезекті күні қыздар арасындағы финалдық жекпе-жектер өтті.
Ақтық сынға жерлестеріміз арасынан 2 спортшы ғана жолдама алған болатын. Әсіресе, орта салмақтағы Жасмин Қизатова өзбекстандық Азиза Зокировамен жолығып, төрешілер шешімімен жеңіске жетті. Қорытынды есеп: 3:2. Артынша ауыр салмақтағы Гүлсая Ержан жеңіс жолын жалғастырып, Азия чемпионы атанды. Ол жергілікті Порннипа Чутиді айқын басымдықпен ұтты. Бұдан бөлек, ұлттық құрама қоржынында 7 қола жүлде бар. Соның арқасында Қазақстан жалпыкомандалық есепте үздік үштікті түйіндеді. Топ басында 5 алтын жеңіп алған өзбек қыздары тұр. Одан кейін 3 алтыны бар Тайланд құрамасы жайғасты. Енді бүгін ерлер арасындағы бәсекелер өтеді. Айта кетейік, Азия чемпионатының финалына 6 бірдей қазақстандық боксшы шыққан болатын.