Қысқы Универсиада жүлдегерлеріне құрмет көрсетілді
АҚШ-та өткен XVI қысқы Универсиаданың алтын жүлдегерлеріне 15 мың доллар сыйақы табысталады. Ал күміс медальға 10, қола алғандарға 5 мың доллардан беріледі. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді.
Жаһандық жарыстың жүлдегерлері бүгін салтанатты түрде марапатталды. Ведомства басшысы спортшылардың жеңісті жолы қысқы спортқа серпін беретініне сенімді екенін жеткізді. Қазіргі таңда елде жоғарғы оқу орындарындағы спортты жүйелі дамыту жоспары әзірленген. Осыған орай университеттердегі инфрақұрылымды жетілдіріп, қаржылай қолдауды арттыру қарастырылып жатыр. Сондай-ақ түрлі спорт түрінен ірі жарыстарды ұдайы өткізу де жолға қойылмақ.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
- Студенттік спорт бір жүйеге келтірілмеген. Жыл сайын өтетін лигалар, бүкіл университеттерде аймақтарда қалыптаспаған. Университеттерде де керекті олимпиадаға сай келетін инфрақұрылым жоқ. Стадиондар, арнайы жабдықталған спорт залдары жоқ, мысалға. Сондықтан бұл өте үлкен инвестицияларды талап етеді. Біз қазіргі таңда ұлттық федерациялармен келісіп жатырмыз.