Риддер қаласының жастары армрестлингтен әлем чемпионатында зор табысқа жетті
Еліміздің шығысындағы Риддер қаласының 6 бірдей әуесқой спортшысы армрестлингтен өткен әлем чемпионатында жеңіс тұғырынан көрінді. Қарапайым жұмысшы жастар қол күресінен халықаралық додада бірнеше рекорд жаңартқан. Бұл жігіттер соңғы біріншілікті зор табыспен аяқтап отыр. Олардың қоржынына 68 алтын, 66 күміс және 38 қола медаль түсті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Армреслингте екінші раунд болмайды. Күш пен әдісті үйлестіре алғандар ғана жеңеді, - аула балаларынан чемпиондар дайындап жүрген жаттықтырушы Әділжан Жүсіпов осылай дейді.
Бұл жігіттер күнделікті жұмыстан кейін ғана жаттығу залына келеді. Мәселен, Данияр Ауданбек әлемдік додаларда топ жару үшін 2 жыл дайындалған.
Данияр Ауданбек, армрестлингтен әлем чемпионы:
- Алдағы әлем чемпионатына, Қазақстанға дайындық басталды. Бұйыртса, 65 келіде күресемін дегем ойым бар. Осы жолы да чемпион болуға тырысамын.
22 жастағы Николай әлемнің екі дүркін чемпионы болып үлгерген. Және елімізде мұндай талантты жастар аз емес. Аудандық, қалалық және облыстық жарыстарда бәсекелестік те жоғарылай бастаған. Тіпті бір салмақта 50 спортшыға дейін күш сынасады екен.
Әділхан Жүсіпов, жаттықтырушы:
- Спорт модульды 2017 жылы ашты. Сол 2017 жылдан бері қаңтар айынан бастап содан бері жұмыс істеп келеміз. Тура 6 жыл өтті. Осы жылдарда қол күрестен бірнеше әлем чемпиондары, Азия чемпиондары, Қазақстан чемпиондары шығып жатыр.
Спорттың бұл түріне қызығушы қыздар да аз емес. 14 жастағы Жасмин Оразкенова да әлем біріншілігінің ең биік тұғырына шыққан. Қазақстандық қолкүресшілер әлемдік рейтингте жоғары сатыда тұр. Дегенмен олар бұл жетістіктеріне тоқмейілсімейді. Шағын қалада шыныққан жастар жеңіс жолындағы жігерлі жаттығуларын жалғастыра бермек.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин.