Головкин мен Әлімханұлы The Ring журналының рейтингінде көш бастады
Головкин мен Әлімханұлы алдыңғы үштікте.
The Ring журналы өткен жылды қорытындылап, боксшылардың әлемдік рейтингін жаңартты. Орта салмақтағы тізімді қазақстандық Геннадий Головкин бастап тұр. Ол қазір WBA Super, IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы. Сәйкесінше топ басындағы орнын сақтап қалды. Екінші орынға мексикалық Хайме Мунгия көтерілсе, тағы бір жерлесіміз Жәнібек Әлімханұлы үздік үштікті түйіндеді. Жәнібек бұған дейін 4-ші орында болған еді. Айта кетейік, ол қазір WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы. Бұл атақты былтыр жекпе-жексіз алды. Яғни, оның бұрынғы иегері америкалық Деметриус Андраде қазақ боксшысымен кездесуден бас тартты. Артынша Жәнібек АҚШ төрінде британдық Дензель Бентлиді жеңіп, чемпиондық белдікке лайық екенін дәлелдеді. Осы арқылы кәсіпқой бокстағы көрсеткішін 13 жекпе-жек, 13 жеңіске жеткізді. Әлемдік рейтингтің алдыңғы бестігіне доминикандық Карлос Адамес пен ұлыбриатниялық Лиам Смит кірді.
Қазақстандық сұрмергендер әлем кубогінде топ жарды
1 алтын, 2 күміс, 1 қола. Қазақстандық сұрмергендер үшін жыл сәтті басталды. Олар Индонезияның Джакарта қаласында өткен әлем кубогына қатысқан болатын. Жарыстың соңғы күні қоржынымыз қос медальмен толықты. Әсіресе Қазақстанның әйелдер құрамасы пневматикалық винтовкадан нысана көздеудің командалық сынында барлық мүмкіндігін сәтті пайдаланып, дүниежүзілік доданың жеңімпазы атанды. Ел намысын Александра Ле, Елизавета Безрукова және Анастасия Григорьева үштігі қорғаған болатын. Ал ерлер арасындағы командалық сында ұлттық құрама екінші орынға тұрақтады. Бұл бәсекеде Ислам Сатпаев, Никита Шахторин және Константин Малиновский өнер көрсетті. Дәл осы Малиновский жекелей сында да күміс жүлдегер атанған болатын. Ал тапаншамен нысана көздеудің микст бәсекесінде қазақстандық Ирина Юнусметова мен Рақымжан Валерий жұбы үздік үштікті түйіндеп, ұлттық құрама қоржынына қола медаль салды. Әлем Кубогі қорытындысы бойынша жақсы нәтиже тіркеген спортшыларға рейтинтік ұпайлар беріледі. Дәл осы көрсеткіш кейін Париж Олимпиадасының жолдамалары сарапқа салынғанда негізгі ролдьі атқарады.