Абай облысында қазақ күресіне қызығушылардың қатары көбейді
Абай облысының Бесқарағай ауданында кейінгі жылдары қазақ күресімен айналысатын балалардың қатары көбейген. Өңірдегі 7 ауылда осы спорт түрінен үйірмелер ашылып, 200-ге жуық оқушы күреспен шұғылданып жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Нәтиже де жоқ емес. Бесқарағайлық жас балуандар облыстық, республикалық турнирлерден жиі жүлделі оралады. Ал Ресеймен шекарадағы Ерназар ауылындағы қазақ күресі сыныбын жергілікті меценат ашып, спорт жабдықтарымен қамтамасыз етіпті. Бүгінде мектеп ішіндегі үйірмеде ауыл балалары аптасына 4 рет жаттығу өткізеді.
Мерей Мәруа, бапкер:
- Басында 4-5 бала келді. Қазір олардың қатары көбейді. Бұл ауылда бұрын қазақ күресі сыныбы болмаған. Әуелде қиын болды. Қазір көрсеткіштер жақсы. Аудандық, облыстық жарыстарға шығып жүрген балалар бар.
Бекжан Сатимиров, оқушы:
- Мен аудандық, облыстық жарыстарға қатыстым. Біздің ауылда осындай зал бар. Балалар осы жерде дайындаламыз. Бізге ұнайды. Арманым – қазақ күресінен әлемге танымал чемпион болу.