Головкин тағы бір титулынан айырылуы мүмкін

Головкин тағы бір титулынан айырылуы мүмкін

Қазақстандық кәсіпқой боксшы күні кеше  IBF тұжырымы бойынша чемпиондық белдігін босатып, Халықаралық бокс федерациясына қайтарған болатын.

Оған себеп басты үміткер кубалық Эскиво Фалькаомен кездесуге келіспеді. Енді Головкин WBA тұжырымы бойынша тағы бір чемпиондық атаққа үміткер  кубалық Эрисланди Ларамен жолығу қажет. Бүкіләлемдік бокс қауымдастығы тараптарға 15 күн берді. Егер осы аралықта келісе алмаса жерлесіміз WBA Super белдігінен де бас таруға мәжбүр болады. Бірақ, мамандар бұл кездесу өтеді дегенге көбірек үміт артады. Өйткені, «Головкин үлкен бокстан кеткен жоқ және әлі де бабы жақсы. Алдағы уақытта өз кәсіпқой мансабындағы ең жарқын жекпе-жегін ұйымдастырғысы келеді» деді қазақстандық боксшының заңгері Джон Хорневер. Айта кетейік, Головкин мен Лараның жастары жамалас. Араларын тек 1 жыл бөліп тұр. Кубалық боксшы бүгінге дейін 35 кездесу өткізіп, оның 29-ында жеңіске жетті. 3-еуі тең нәтижемен аяқталды. Соның арқасында IBO және WBA тұжырымдары бойынша әлем чемпионы және орта салмақтағы WBA Super белдігіне негізгі үміткер саналады. Соңғы титул қазір Головкиннің еншісінде. Ол бүгінге дейін  кәсіпқой рингте 45 кездесу өткізіп, 42-сінде жеңіске жетті.

Чемпиондарға құрмет көрсетілді

Тарихи жетістік. Әлек Кубогынан 11 медаль жеңіп алып, жалпы есепте 1-орын алған ұлттық құраманың жетістігіне осындай баға берілді. Ел намысын қорғаған спортшылар күні кеше елордаға оралды. Олармен Мәдениет және Спорт министрі Асхат Оралов және Спорттық ату федерациясының президенті Берік Асылов арнайы кездесіп, марапаттау рәсімін өткізді. «Жеткен жетістікке тоқмейілсуге болмайды. Алда әлем чемпионаты мен олимпиада ойындары бар. Аталған жарыстарда жеңіс жолын жалғастыру керекпіз» деді Оралов.  Айта кетейік, спорттық ату түрлері бойынша дүниежүізілік дода Индонезияның Джакарта қаласында өтті. Оған 32 елден 400-ге жуық спортшы қатысты. Ұлттық құрама спортшылары 3 алтын, 5 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды. Атап айтқанда шымкенттік Никита Чирюкин тапаншамен нысана көздеуде алдына жан салмады. Ал, әйелдер арасында Арина Алтухова барлық мүмкіндігін сәтті пайдаланып, ең үздік нәтижені тіркеді. Бұған қоса, қазақстандық қыздар да командалық сында топ жарды. Бұл бәсекеде ел намысын Александра Ле, Елизавета Безрукова және Анастасия Григорьева үштігі қорғаған болатын.

Сәуле Әлімбек, әлем кубогының жүлдегері

Асхат Оралов, ҚР Мәдениет және спорт министрі

Алматыда спорттық гимнастика залы ашылды 

Cпорттық гимнастика залы қолданысқа берілді. Алматыда 1974 жылы салынған спорт кешені біраз жылдан бері қаңырап бос тұрған еді. Қала әкімшілігінің қолдауымен халықаралық стандартқа сай күрделі жөндеу жасалып, кешен күні кеше қайтадан жұмысын бастады. Енді Алматыдағы нөмірі 9-шы олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінде батут және спорттық акробатикадан ұлттық құрама мүшелері үлкен жарыстар қарсаңында жаттығуды осында жасай алады. Бұған қоса, ғимарат халықаралық гимнастика федерациясы мақұлдаған заманауи құралдармен жабдықталды. Сәйкесінше, бұл залда ел біріншіліктері ғана емес әлемдік деңгейдегі ірі жарыстарды да өткізуге болады-дейді мамандар.

Айсұлу Серікқызы, №9 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры:

- Енді біздің спортшыларымыз алысқа бармай-ақ Алматыда жаттыға алады. Сондай-ақ спорттық гимнастикамен шұғылданамын деген кез-келген жас өрендерге залдың есігі әрдайым ашық. Мемлекеттің қолдауымен бәрі тегін болмақ. Ел ертеңі жастар десек келешекте әлем және олимпиада чемпиондарының осы залдан шығарына сенімім мол. Өйткені мұнда көптеген білікті бапкерлер тәлім береді. Сондай-ақ дәл қазіргі уақытта әлемдік аренада жарқырап жүрген Нариман Құрбанов пен Милад Карими секілді мықтыларымыз да осында жаттығады.