Бурабай баурайында шаңғыдан облыстық чемпионат өтті

Жарысқа аймақтағы техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарының студенттері мен оқушылары қатысты. Жыл сайын ұйымдастырылатын турнир пандемия тұсында бірер жыл өткізілмеген еді. Десе де осы жылы жас спортшылар шаңғыларын майлап, қайта жарыс жолына шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».  

Тартысты дода 2 кезеңнен тұрды. Жарыстың алғашқы күні қатысушылар жеке дара өнер көрсетсе, келесі күні топтық құрамда бақ сынады. Тыңғылықты дайындықпен келген жас шаңғышылардың әрқайсысы жеңіс тұғырына көтеріліп, чемпион болуды мақсат тұтқан.

Әділет Жамбыл, жарысқа қатысушы:

- Біз жарысқа ұзақ уақыт дайындалдық. Иә, біз осындай жарыстарға үнемі қатысып тұрамыз. Жарыстардың көп болғаны дұрыс деп санаймын. Денсаулықты сақтауға да көмектеді. Сондықтан көбірек қатысу керек деп ойлаймын.

Айталық, биылғы чемпионат Бурабайдағы олимпиадалық даярлау орталығының базасында өтті. Мұндағы жарыс жолы кәсіби шаңғыларға арналып жасалған. Сол себепті спорттың осы түрін енді меңгерген жас өрендерге аздап қиындық туғызғаны жасырын емес.

Диана Галимова, жаттықтырушы:

- Бұл жерде әлемдік додаларға баратын спортшылар дайындалады. Сол себепті жас шаңғышылар үшін, әрине, қиындау. Әсіресе жоғарыдан түскен кезде қауіптірек. Бірақ қатысушылар күн бұрын келіп, жарыс жолымен толық танысып, көріп шықты.

Кәсіби шаңғылар жаттығатын алаңда әуесқойлар спортшылардың жарысын өткізудің өзіндік себебі бар. Біріншіден, бұл жас балғындардың шаңғыға деген қызығушылығын арттырса, екіншіден, өздеріне деген сенімділікті күшейтеді, - дейді ұйымдастырушылар. Жыл санап өңірде спорттың осы түріне бет бұрған балалар саны артып келеді. Биылғы жарыстың өзіне әр аймақтан 200-ге тарта шаңғышы келіпті.

Азамат Исабаев, облыстық туризм және дене шынықтыру орталығының басшысы:

- Пандемиядан кейін балалар қайтадан дайындықты жалғастыруға кірісті. Алдағы уақытта өз нәтижесін береді деген ойдамын. Бағалау әділ өтуде. Яғни, мәре сызығын ең бірінші кескен қатысушы автоматты түрде тіркеледі.

Абзал Азаматұлы, тілші:

- Жалпы, соңғы жылдары Ақмола облысында қысқы спорт жақсы дамып келеді. Соның ішінде шаңғы жарыстарының үлесі басым. Айта кету керек, осындай өңірлік чемпионаттар алдымен облыс құрамасын жасақтауға мүмкіндік береді. Ал іріктелген спортшылар алдағы уақытта өңір атын республикалық, халықаралық ареналарда лайықты қорғайтынына сенім мол.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко.