Алматыда грэпплингтен халықаралық турнир басталды
Алматыда грэпплингтің AIGА нұсқасы бойынша дәстүрлі халықаралық турнир басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұл сынға Ресей, Қырғызстан және Тәжікстан мен еліміздің барлық облысынан 800-ден аса спортшы қатысып жатыр. Елімізде спорттың бұл түрі 2018 жылы пайда болды. Аз ғана уақытттың ішінде ұл-қыздарымыз грэпплингтің қыр-сырын әбден меңгеріп алды. Тіпті 2021 жылы Ыстамбұлда өткен әлем чемпионатында жерлестеріміз жалпы командалық есепте топ жарған болатын. Биылғы дүниежүзілік жарыс қазан айында Польшада өтеді. Осы халықаралық турнирде жеңіске жеткендер ұлттық құрама сапына алынып, әлем біріншілігінде ел намысын қорғайды.
Ақмарал Қанатбаева, ҚР грэпплинг федерациясының президенті:
- Бұл жылдың басындағы жарыс біз үшін өте маңызды. Өйткені осы жылы әлем чемпионатынан бөлек, Азия біріншілігі және Түркістан қаласында түркі ойындары өтеді. Байрақты бәсекелерде ел намысын қорғайтын спортшыларды іріктейміз. Осы AIGА нұсқасымен айналысатындардың саны қазір 10 мыңға жуықтады. Ұлттық біріншіліктегі бәсекеде артып келеді. Бұл спорт түрі жастардың дене тәрбиесіне ғана емес, өзін-өзі қорғау үшін де қажет.