Астанада «Tartyl Fest» турнирінің жеңімпаздары марапатталды

Ел ішінде белтемірге тартылып, күш-қайратын сынап жүргендер көп. Бірақ мереке жиындарда болмаса, олардың өнері бағалана бермейді. Астана бүгін осындай спортшылардың басын қосты. Елдің әр түкпірінен келген мықтылардың арасында жасы да, жасамысы да бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ерлан Шаншархан, тілші:

- Бүгін Астанада турникке тартылудан республикалық «Tartyl Fest» турнирінің гранд-финалы өтті. Бұл ақтық сайыста аймақтардан топ жарған 170 спортшы бақ сынады.  

 «Dara» дарындыларды қолдау қорының ұйымдастыруымен өткен турнирге 11-51 жас аралығында спортшылар қатысты. Жарыста алғашқылардың бірі болып болып 18 жасқа дейінгі спортшылар сайысқа түсті. Олардың ішінде ең жас қатысушы Мансур Уалиев 36 рет турникке тартылып, жеңімпаз атанды. Оның жасы небәрі 10-да.

Мансур Уалиев, турнир жеңімпазы:

- Осы «Tartyl Fest»-ке дайындалуға жарты жыл кетті. Осы жарыста қиын болды, бірақ мен өзіме сеніп, ешкімнен қорыққан жоқпын. 

Ұйымдастырушылар бұл жоба бұдан әрі де жалғасатынын әрі талантты жастарды әлемдік турнирге дайындау үшін арнайы жоспар әзірленіп жатқанын айтады. Егер ел ішінде өзіне сенгендер болса, қолдауға әзір.

Асхат Оралов, Мәдениет және спорт министрі:

- «Tartyl Fest» – біздің енді былтырдан басталған жоба. Бүгін елорданың төрінде 170 адам келіп қатысып отыр. Сондықтан да дарынды, спортқа қатысы бар жастарды осындай сайыстарға, жобаларға қатысуға міндетті түрде шақырамыз.

Сайыс тартысты өтті. Бұл күні спортшыларды қолдап келген жұрт көп. Тіпті шетелден келгендері де бар. 

Линус Франк, турист:

- Мен осында келгеніме қуанып отырмын. Африкада бұл спорт түрі әзірге жоқ. Дегенмен біздер спортқа жақынбыз. Маған спортпен шұғылданған ұнайды. Еліме барғанда міндетті түрде осы спорт турнирі жайлы айтып беремін. 

Жарыс соңында төрешілер турнир жеңімпаздарын марапаттады. Олардың ішінде 18 жасқа дейінгілер арасында 55 келі салмақ бойынша Өскемен қаласынан келген қатысушы бірінші орын алса, 30 жасқа дейінгілерден 65-90 келі салмақта Семей мен Петропавл қаласынан келген қатысушылар жеңімпаз атанды. Жеңіс тұғырына көтерілген спортшыларға бағалы сыйлықтар мен ақшалай сыйақы табысталды. Өнерпаздар да турнирдің көрігін қыздырып, концерт берді.

Авторлары: Ерлан Шаншархан, Ақылбек Есімсейітов.