Қазақстан ауыр атлетикасында тағы допинг дауы шықты

Ұлттық антидопинг орталығының шешімімен бірден 6 спортшы 8 жылға жарыстардан шеттетілді. Олардың арасында Токио олимпиадасының қола жүлдегері Игорь Сон да бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

3 жыл бұрын ол әлемдік ауыр атлетиканың болашақ жұлдызына баланған еді. Соңғы Токио олимпиадасында Игорь Сон қоссайыс қорытындысы бойынша 294 келіні бағындырып, кешенді сынның қола медалына қол созғаны белгілі. Келесі олимпиада ойындары басталмай жатып, Игорь Сонның есім-сойы тағы шықты. Ауыр атлеттің ағзасынан алынған сынамадан допинг іздері табылған. Отандық мамандар былтыр Жетісу облысындағы турнирде спортшының тыйым салынған дәруменді пайдаланғанын мәлімдеді. Сон бірден 8 жылға кәсіби спорттан шеттетілді. 24 жастағы зілтемірші метастерон қолданған көрінеді.

Майра Бакашева, ҚР Ұлттық антидопинг орталығының директоры:

- Бүкіләлемдік допингке қарсы күрес агенттігінің талабы бар. Жыл сайын тыйым салынған дәрі-дәрмектер тізімі жасалады. Олардың саны қазір 4 мыңнан асады. Игорь Сон екінші мәрте допингке қарсы ережені бұзып отыр. 2015 жылы ол тыйым салынған дәруменді пайдаланып ұсталған еді. Халықаралық кодекс бойынша екінші мәрте ереже бұзған адам екі есе жазаланады. Сондықтан Сон 8 жылға спорттан кетті.

Ауыр атлет өзіне тағылған айыпқа қатысты пікір білдірмеді. Есесіне Федерация жазбаша түсініктеме таратты.

Алдияр Нұралинов, ҚР Ауыр атлетика федерациясының бас хатшысы:

- Бұл допинг-бақылауды қазақстандық орталық жүзеге асырғанын және оның нәтижелері Федерация үшін де, құраманың басқа мүшелері үшін де ешқандай салдарға әкеп соқпайтынын атап өткім келеді. Алайда допинг қолданғаны үшін шешімдер WADA Кодексіне және Халықаралық ауыр атлетика федерациясының допингке қарсы ережелеріне сәйкес қабылданады. Бұл жарыстан тыс бақылау спортшылар қатысқан халықаралық турнирлерден 6 ай өткен соң қабылданды, сондықтан олардың нәтижелерін жою немесе медальдарды қайтару туралы мәселе туындамайды.

Игорь Соннан бөлек, тағы 9 отандық ауыр атлет допингпен ұсталды. 24 жастағы спортшы ереже бұзса да, бұған дейінгі жетістігі жойылмайды. Тіпті олимпиада ойындарындағы қола медалі мен 75 мың доллар сыйақыны да кері қайтармайды. 

Мұхамеджан Бекназаров, ҚР МСМ жазғы спорт түрлері басқармасының басшысы:

- Игорь Сон Токиода өткен жарыстардағы сынамалары таза болғандықтан, ол кездегі нәтижесі өзінде қалады. Мемлекеттік атынан алған қаржылай, пәтері медалі өзінде қалады.

Былтыр Рио ойындарында топ жарған Нижат Рахимов та допинг құрығына ілініп, алтын медалінен айырылған еді. Қазір Қазақстанда ереже бұзған атлеттер саны 50-ден асып кетті.

Авторлары: Қанат Базылханов, Әлішер Нақыпов.