Әлем чемпионатында ел намысын қорғайтын әйел боксшылар іріктелді
Ұлттық құраманың тізімі жарияланды. Тура 1 аптадан кейін Үндістан астанасы Нью-Дели қаласында бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионаты басталады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жылдың басты бәсекесі 12 салмақ дәрежесінде ұйымдастырылмақ және қазақ қыздары барлығын да өнер көрнсетеді. Әсіресе 48 келідегі Алуа Балқыбекова мен 52 келідегі Назым Қызайбайға үміт зор. Ал 54 келіде Жайна Шекербекова ел намысын қорғайды.
Бұдан бөлек, Жазира Орақбаева, Карина Ибрагимова, Римма Волосенко және Аида Әбікеевалар дүниежүзілік додада бақ сынауға мүмкіндік алды. Ал орта және ауыр салмақтарда Надежда Рябец, Мәдина Нұршаева, Валентина Хальзова, Фариза Шолтай және Ләззат Күнгейбаевалар шаршы алаңға шығады.
Жарыстың өзі 14-ші және 26-шы наурыз аралығында өтеді. Бұл жолғы додаға шектеулерге қарамастан Ресей мен Беларусь құрамасы толыққанды қатысады және осы жағдайдан кейін Америка мен Еуропаның бірқатар елі байрақты бәсекеге байкот жариялады.