Мерекеге орай Астанада конкурдан қыздар арасында ашық біріншілік өтті
«Арғымақ» ат-сауықтыру спорт кешенінде Астана, Алматы қалалары мен Ақмола, Қарағанды облыстарының шабандоздары додаға түсті. Конкурдан жарыс осымен үшінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Бүгінгі сайысқа қанша қыз қатысты? Кімнің бағы жанды?
Конкур қазаққа жат емес. Бұл да – арғымақтардың сайысы. Тек қысқа уақыт уақыт ішінде кедергілерден мүлтіксіз өте білу керек. Негізгі талап – осы.
Конкур біздің елде жаппай тарамаған. Енді-енді қанат жайып келе жатқан ат спорты. Мұндай жарыс Астанада осымен үшінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Бұл жолғы сайысқа елорда мен Алматыдан және Қарағанды, Ақмола облыстарынан ұзын ырғасы 75 шабандоз келді. Қыздар 4 санат бойынша додаға түсті. Біріншісі – «Әуесқойлар санаты», ондағы кедергінің биіктігі – 105 см. Екінші санат 12 мен 15 жас аралығындағы балаларға арналған. Мұндағы биіктік – 110 см. Үшіншісі «Ашық сынып санаты» деп аталады. Ол жердегі кедергінің биіктігі – 120 см. Төртіншісі – «Екі кезеңнен тұратын ашық санат», ондағы биіктік те – 120 см. 75 шабандоздың арасынан «Гордый» атты тұлпарымен алдына қара салмай, бағы мен бабы қатар шапқан Әмина Акшина жеңіс тұғырынан көрінді.
Әмина Акшина жеңімпаз:
- Мен бүгін балалар және 120 қыздар арасындағы жарыста секіріп шықтым. Екі бірінші орын алдым. Атты дайындау кезінде міндетті түрде оны сүрту керек. Себебі әр шаң, қылшық оған кедергі етеді.
Әмина айтқандай конкурдың тұлпарына ерекше бап керек. Азығы тек жем-шөп емес. Мына арғымақтар түрлі дәрумен жейді. Жарыс алдында арнайы ботқа мен тәтті беріледі. Тұлпардың тек физикалық дайындығы ғана емес, көңіл-күйі де келісті болуы керек.
Конкур ХІХ жылдың 50-жылдары пайда болған. Тарихи деректерде отаны Франция делінеді. Оның өз себебі бар. Кедергілерден секіру бойынша алғашқы жарыс Парижде өткен. Ал кейін конкур 1900 жылы сол елде жалауы желбіреген екінші Олимпиада ойындарының бағдарламасына енді. Содан әлемге тарады. Біздің елде осы күні 150 ден аса ұл-қыз конкурмен айналысады.
Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Виктор Полянный.