Рыбакина рейтингілік турнирде үшінші айналымға шықты
Дәл қазір АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласында теннистен WTA 1000 санатындағы рейтингтілік турнир өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қазақстандық Елена Рыбакина жарысты екінші кезеңнен бастады және жергілікті София Кенинмен жолыққан болатын. Бұл матч жерлесіміз үшін аса ауыр болған жоқ. Өйткені Рыбакина қазір әлемдік рейтингте 10-шы, ал Кенин 170-ші тұр. Сәйкесінше ойын 2 сағатқа созылып, 7:6, 7:6 есебімен аяқталды.
Ал үшінші кезеңде қазақстандық теннисші испаниялық Паула Бадосамен кездеседі. Қызығы сол, қос спортшы жұптық сында бірге өнер көрсетеді және бүгін аустариялық Сторм Хантер мен бельгиялық Элизе Мертенс жұбымен өзара мықтыны анықтауы қажет.
Индиан-Уэллс қаласындағы жарыс 19 наурызға дейін жалғасады. Ал оның жалпы жүлде қоры 8 млн 800 мың АҚШ долларын құрайды. Бұған қоса жеңімпазға рейтингтілік 1000 ұпай беріледі.