Алматыда үздік шахматшылар марапатталды
Алматыда үздік шахматшылар KazChess Awards сыйлығымен марапатталды.
Жүлде алғаш рет беріліп отыр. Қазақстан шахмат федерациясы тағайындаған арнайы марапатқа жылдам шахматтан екі дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева, Халықаралық шахмат олимпиадасының қола жүлдегері Жансая Әбдімәлік, әйелдер арасында жылдам шахматтан вице-чемпион Динара Сәдуақасова, 18 жасқа дейінгі жылдам шахматтан әлем чемпионы Қазыбек Нөгербек ие болды. Сондай-ақ, жаттықтырушылар, төрешілер мен ұйымдастырушылардың да еңбегі еленді. Жалпы өткен жыл табысты болды. Әйелдер құрамасы олимпиадада бесінші орынды иеленді, ал ерлер құрамасы Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең жақсы нәтиже көрсетті. Айта кетейік, еліміздің үздік шахматшылары биыл 7 сәуір мен 1 мамыр аралығында Астанада өтетін әлем чемпионатында ел намысын қорғайды.
Тимур Турлов, Қазақстан шахмат федерациясының президенті:
-Федерация бірнеше бағытта жұмыс істеуде. Шахматты бұқаралық спорт ретінде жолға қойып, арнайы оқулықтар мен әдістемелік құралдар базасын дайындау қолға алынады. Шахматшылар жарыста шыңдалады. Сондықтан түрлі деңгейдегі жарыстар ұйымдастыру маңызды. Сондай-ақ, үздіктерге қолдау көрсету федерацияның басты бағыттарының бірі.
Ержан Шакенов, шахматтан ҚР Еңбек сіңірген бапкері:
- Бізде қазір өте талантты әйелдер командасы бар. Әрине, балалар шахматын дамыту аса маңызды. Жоғары дәрежелі жаттықтырушыларды тарту керек. Алда әлем чемпионаты, Азия чемпионаты тұр. Жалпы, алғанда Қазақстан шахматының болашағы жарқын деп сеніммен айтуға болады.