Талғар маңында бірнеше ел боксшылары бірлескен жаттығуды бастады
Талғар маңындағы «Ақбұлақ» олимпиадалық орталығында Англия, Әзербайжан, Грузия, Тәжікстан және қазақ елінің былғары қолғап шеберлері бірлескен оқу-жаттығу жиынын бастады.
Мамыр айында Өзбекстан астанасы Ташкентте бокстан әлем чемпионатының жалауы желбірейді.
Тасы өрге домалап тұрған өзбектерге қарсылық көрсете аламыз ба? Болгарияда Қамшыбек Қоңқабаев неге шаршы алаңға шықпады деген сауалдарға Жандос Айтбайұлы жауап іздеп көрген еді.
Боксшыларымыздың жеңісіне әбден үйреніп қалғанымыз соншалық, Болгариядағы турнирде алған 1 күміс 1 қола медальды ешкім елеген жоқ. Елеу былай тұрсын, ерінбегендердің бәрі ұлттық құрама бапкерлерін және жігіттерді жерден алып жерге салды. Тіпті «Қамшыбек өзбек боксшысынан қашқақтады, енді былғары қолғабын шегеге ілу керек»,-деп кейіс танытқандар да табылды. Бүгін ұлттық құраманың дайындығына барып алдымен осы мәселенің анық-қанығын бас бапкерден білдік.
Мырзағали Айтжанов, бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері:
- Қамшыбекті ол жекпе-жекке шығармағанымыз, былай айтқанда сақтағанымыз. Қазіргі таңда Қамшыбектің орнын басатын мықты спортшыларымыз жоқ бұл салмақта. Бәрінің келешегі бар, бірақ оған уақыт керек. Сол себепті әлі де Қамшыбектің елімізге беретіні бар. Жақсылап дайындап сол әлем чемпионтында медальмен оралатынына сенімдіміз. Және Париж олимпиадасында да әлі де сенім артамыз Қамшыбекке еліміздің көк туын желбіретеді деп.
Жанкүйерлерді түсінем. Қызықты жекпе-жекті көргісі келді. Сондықтан менің атыма айтылып жатқан барлық сынды дұрыс қабылдадым. Жалоловпен шаршы алаңда 7 рет жолықтық. Әзірше таразы басы соның пайдасында. Есе қайтаратын күн туады,-деп Қамшыбектің өзі қысқа қайырды. Бір білетініміз қазақ боксшылары қарсыласынан ешқашан қаймыққан емес. Рас, өзбек боксы қазір өрде тұрған болар, бірақ қазақтар да төрден түсе қойған жоқ. Дүниежүзілік жарыс қарсаңында Англия мен Әзербайжан және Грузия мен Тәжікстан спортшылары тәжірибе алмасу үшін Алматыға арнайы келіпті.
Нариман Абдуллаев, бокстан Әзербайжан құрамасының бас бапкері:
- Біз қазақ боксшыларымен бұған дейін де бірлескен оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жүрміз. Өйткені қазақ бокс мектебінің мықты екенін мен сонау КСРО заманынан бері білем. Техникалық тактикалық тұрғыда біздің боксшылар үлкен тәжірибе жинақтайды. Және мұнда боксшыларға барлық жағдай жасалыпты. Мұндай бірлескен жұмыстар әлем чемпионаты қарсаңында ауадай қажет.
Тілші: Бүгін төрт елдің боксшылары шаршы алаңда қолғап түйістірді. Жолдастық кездесу демесеңіз аянып қалған ешкім жоқ. Ұлттық құрамаға іліну үшін барлығы өз шеберліктерін көрсетті. Әлем чемпионатына Қазақстаннан кімдер баратыны Түркістандағы соңғы оқу-жаттығу жиынынан кейін белгілі болады,- дейді Мырзағали Айтжанов.
Жандос Айтбайұлы, Радик Жақыпов