Дзюдодан Қазақстан құрамасы 6 бірдей медаль жеңіп алды
Ересектердің жеңіс жолын жасөспірімдер жалғады. Дзюдодан Қазақстан құрамасы Еуропа ашық кубогына қатысып, 6 бірдей медаль жеңіп алды.
Оның 2-еуі алтын. 18 жасқа дейінгілер арасындағы құрлықтық дода Хорватияның Загреб қаласында өтті. Жерлестеріміз арасынан жеңіл салмақтардағы Ерхан Марат пен Сабина Юлдашева барлық қарсыласын айқын басымдықпен ұтып, жарыс жеңімпазы атанды. Ал 55 келіде өнер көрсеткен Оралбек Байзақ финалға дейін жетіп, соңғы сында ғана есе жіберді. Бұған қоса, орта және ауыр салмақтарда ел намысын қорғаған Нұрсұлтан Ысқақов, Еділ Ерболұлы және Досбол Балғабайлар ел қоржынына қола жүлдеден салды. Осының арқасында жалпыкомандалық есепте жерлестеріміз 5-ші орынға тұрақтады.
Айта кетейік, Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы үшін бұл жаңа маусымдағы ең алғашқы халықаралық жарыс болып саналады.