Нью-Дели қаласында бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионаты өтіп жатыр
Қазақ қызы нокаутпен жеңді.
Дәл қазір Үндістанның Нью-Дели қаласында бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионаты өтіп жатыр және жарыс жерлестеріміз үшін сәтті басталды. Ұлттық құрама сапынан ең алғаш болып шаршы алаңға 52 келідегі Жазира Орақбаева шықты. Еліміздің чемпионы әрі Азия чемпионатының жүлдегері тайпейлік Чан Чиа-Хсунмен жұдырықтасты. Бір-бірімен кездесіп көрмеген қарсыластар бірінші раундты барлаумен өткізді. Ал екінші раунда Жазира айқын басымлық танытты. Нәтижесінде екі нокдаун мен нокаут тіркелді. Осылайша жерлесіміз келесі кезеңге өтті.
Жазирадан бөлек тағы 11 боксшымыз жүлдеге қол созады. Шәміл Сафиуллин баптайтын қыздар жарыс өтетін жерге бір апта бұрын барып, Үндістан, Франция және Оңтүістік Корея боксшыларымен бірлескен жаттығу өткізді.
Айта кетейік, бұл жолғы жарысқа шектеулерге қарамастан Ресей мен Беларусь құрамалары толыққанды қатысуға мүмкіндік алды. Халықаралық бокс федерациясының осы шешіміне Америка және Еуропа елдері қарсы шығып, жарысқа мүлде келмей қойды. Соның өзінде, 60 елден 300-ден аса спортшы жиналды. Бұған қоса, биыл жеңімпаздарға берілетін сыйақы да артты. Мәселен, бірінші орынға 100 мың, екінші және үшінші орындарға, сәйкесінше, 50 және 25 мың АҚШ долларынан қарастырылған.Нью-Дели қаласындағы дүниежүзілік дода 26-шы наурызға дейін жалғасады.