Алматыда «Әскер барысы» белбеуі сарапқа салынды
Алматыда қазақ күресінен «Әскер барысы» белбеуі сарапқа салынды. Қазақстанның барлық күштік құрылымдарынан топ жарған 20 палуан қорытынды турнирдің боз кілемінде белдесті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Шетінен «сен тұр, мен атайын» дейтін сарбаздар жиналған. 1 күнге жоспарланған турнир қатысушылары жеребе тарту арқылы жұп-жұпқа бөлінді.
Тартысты бәсекеде үшінші орын «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының өкілі Асылжан Қуанышбаевқа бұйырды. Екінші орынды Қорғаныс министрлігі Спорт комитеті Орталық спорт клубының сарбазы Ғалымжан Қырықбаев алды. Ал осы клубтың тағы бір мүшесі Марат Байкамұров «Әскер барысы» атағына ие болды.
Енді «Әскер барысы» атанған Марат пен күміс белбеу ұтқан Ғалымжан республикалық «Қазақстан барысы» ұлттық сайысында әскерилердің намысын қорғайды. Жеңімпаздарға арнайы белбеуден өзге қаржылай сыйақы да берілді.
Ербол Игісінов, ҚР ҚМ Спорт комитеті Орталық спорт клубының бөлім басшысы:
- Қазақстан барысында «Әскер барысы» атанған әскери қызметшілер бірнеше мәрте топ жарды. Жүлдегер атанды, жеңімпаз атанды. Ерасыл Қажыбаев, Әділ Оразбаев сынды әскери қызметшілер Қазақстан барысында өте жақсы нәтиже көрсеткенін дүйім жұрт біледі.