Колмаков фристайлдың могул түрінен күміс жүлде алды
Алматыда фристайлдың могул мен акбробатика түрінен Әлем кубогының алтыншы кезеңі басталды. Енді 2 күн бойы 14 мемлекеттен келген 80-ге жуық спортшы жүлделі орындарды өзара сарапқа салады. Жарыстың алғашқы күні-ақ Қазақстан қоржынына күміс медаль түсті. Могул мықтыларының сайысында жерлесіміз Павел Калмаков екінші орыннан көрінді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Алматы алғаш рет фристайлдан Әлем кубогының кезеңін 2019 жылы қабылдаған болатын. Сол кезде халықаралық шаңғы федерациясының мамандары жарыс жоғары деңгейде өтті деп бағаларын беріп кеткен. Одан кейін Алатау бөктерінде әлем чемпионаты ұйымдастырылды. Енді, міне, араға 4 жыл салып, әлем кубогының кезеңі қайта оралды. Бұл жолы жарыс трассасы Шымбұлақ шыңына қарай жасалған екен, спортшылардың көңілінен шығыпты.
Аяулым Әмренова, фристайлдан Қазақстан құрамасының мүшесі:
- Биылғы жылғы трасса өте тамаша. Өйткені былтыр, өздеріңіз білесіздер, басқа жерде болған. Биылғы жер маған өте ұнайды. Қар жұмсақ, ауа райы жылы. Сондықтан бәріне қуаныштымын. Негізі әлі жұмыс істейтін көп. Біз әлі үштікте жүрген жоқпыз. Бірақ биылғы жыл біз үшін өте жақсы өтті. Біздің барлық спортшыларымыз үнемі финалда жүрдік, 10-дыққа кіріп жүрдік.
Могулдегі мықтымыз Юлия Галышева жарақатына байланысты жарысқа қатыса алған жоқ. Сондықтан қыздар арасында ел намысын Аяулым Әмренова ғана қорғады. Аяулым іріктеуден іркілмей өткенімен, финалда мықтылардың алдына түсе алмады. Ал 4 жыл бұрын қола жүлдеге қол жеткізген Анастасия Городко бұл жолы жарыстан тыс өнер көрсетті.
Анастасия Городко, фристайлдан Қазақстан құрамасының мүшесі:
- Ауа райы өте тамаша. Абырой болғанда, тұман болған жоқ. Спортшыларға кедергі келтіретін еді. Мен жарақатымнан құлан-таза айыққан жоқпын. Сондықтан бұл жолы жүлде бөлісіне араласа алмадым. Келер маусымнан бастап Әлем кубогының барлық кезеңдерінде бақ сынаймын деген үмітемін.
Қыздар арасында олимипиада чемпионы Француз Перин Лаффон кезең жеңімпазы болып танылса, америкалық Джелин Кауф пен Тесс Джонсон екінші, үшінші орындарды өзара бөлісті. Ерлер арасында жерлесіміз Павел Калмаков жарады. Ұлттық құрама сапындағы тәжірибелі спортшымыз тек могулдың майын ішкен канадалық Микаэль Кингсбериге жол беріп, екінші орыннан көрінсе, үштікті австралиялық Мэт Грэм түйіндеді.
Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Мұхит Құдықбаев.