Елена Рыбакина тарихи жетістікке жетті

Елена Рыбакина тарихи жетістікке жетті

Тарихи жетістік. Қазақстандық Елена Рыбакина алғаш рет WTA 1000 санатындағы жарыста топ жарып, әлемдік рейтингтегі көрсеткішін жақсартты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Рейтингілік турнир АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласында өтті және қазақстандық теннисші финалға дейін жетіп, соңғы сында белорус өкілі Арина Соболенкомен жолықты. Матч 2 сағатқа созылды. Нәтижесінде Елена 7:6, 6:4 есебімен жеңіске жетті.

Еске сала кетейік, қос мықты бірер ай бұрын Австралия ашық чемпионатының финалында да жолығып, ол кезде белорус қызы басым түскен болатын. Осы жеңістің арқасында Рыбакина әлемдік рейтингтің 7-ші сатысына көтерілді.

Айта кету керек, қазақстандық теннисшілер арасынан ол бірінші боп осындай деңгейге жетіп отыр. Сонымен қатар Индиан-Уэллс қаласындағы жеңісі үшін 1 млн доллардан аса сыйақы алды. Ұлттық валютаға шаққанда шамамен 570 млн теңгені құрайды.

Елена Рыбакина, жарыс жеңімпазы:

- Жарыс жоғары деңгейде өтті. Менің қолдаған жанкүйерлерге алғыс айтамын. 2 апта бойы аянбай тер төгіп, осы биікке ұмтылдым. Алдағы жылы да осы жарысқа қатысып, жетістігімді қайталауға тырысам. Өйткені бұндағы атмосфера ұнайды. Нағыз теннис мерекесі.