Рыбакина Индиан-Уэллс турнирінде топ жарды

Рыбакина Индиан-Уэллс турнирінде топ жарды

Елена Рыбакина мастерс санатындағы Индиан Уэллс турнирінде топ жарды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақстандық теннисші финалда белорус өкілі Арина Соболенконың осал тұсын тапты. Матч 2 сағатқа созылды. Нәтижесінде Елена 7:6, 6:4 есебімен жеңіске жетті.

Дәл қазір әлемде әйелдер арасында 2 теннисшінің шоқтығы биік. Рыбакина мен Соболенко қаңтар айында Австралия ашық чемпионатының финалында да жолыққаны белгілі. Жасыл құрлықтағы бәсекеде белорус қызы басым түскен. Бұл жолы жерлесіміз қарымта қайтарды. Жалпы, қарсыластар бұған дейін 4 мәрте кездесіп, барлығында Соболенконың мерейі үстем шыққан еді. Елена Индиан-Уэллсте, Аринаның қарқынына төтеп беріп, тұңғыш рет мәртебелі мастерсте жеңіске жетті. Енді Рыбакина әлемдік рейтингте 7-ші сатыға көтеріледі. Индиан-Уэллстегі жеңісі үшін 570 млн теңге сыйақы алады. 

Елена Рыбакина, теннисші:

- Жарыс жоғары деңгейде өтті. Менің қолдаған жанкүйерлерге алғыс айтамын. 2 апта бойы аянбай тер төгіп, осы биікке ұмтылдым. Алдағы жылы да осы жарысқа қатысып, жетістігімді қайталауға тырысам. Өйткені бұндағы атмосфера ұнайды. Нағыз теннис мерекесі.

Дэйф Майли, ҚР Теннис федерациясының атқарушы директоры:

- Елена Рыбакина бірнеше жылда шеберлігін шыңдап, бұдан да мықты ойын көрсетуі мүмкін. Уимблдонда топ жарып, Австралия ашық біріншілігінде финалға дейін жетті. Енді әлемдің бірінші ракеткасы атануға қауқарлы. Оның техникасы керемет, ал соққысы Новак Джоковичтікі секілді жойқын. Әмбебап ойыншы.