Рыбакина АҚШ-та ширек финалға шықты
Дәл қазір АҚШ-тың Майами қаласында теннистен WTA 1000 санатындағы турнир жалғасып жатыр және қазақстандық Елена Рыбакина кезекті кездесуін сәтті өткізіп, жеке рекордттарын жаңартты.
Қазақстандық спортшы соңғы сында бельгиялық Элизе Мертенспен кездесіп, айқын басымдықпен ұтты. Қорытынды есеп: 6:4, 6:3. Матчтың өзі 1 сағат 46 минутқа созылды. Айта кету керек, Рыбакина Майами ашық чемпионатының ширек финалына алғаш рет шығып тұр. Бұған қоса, қатарынан 11 рет жеңіске жетіп, жеке көрсеткішін жаңартты. Бұған дейін оның ең үздік көрсеткіші – қатарынан 7 жеңіс болатын. Енді келесі кезеңде Елена италиялық Мартина Тревизанмен жолығып, жартылай финал жолдамасын сарапқа салады. Мартина қазір әлемдік рейтингте 24, Рыбакина жетінші тұр. Майами қаласындағы жарыс 2 сәуірге дейін жалғасады. Ал оның жүлде қоры 8 миллион 800 мың АҚШ долларын құрайды.
Әлем кубогінде жүлдеге ілікті
Қоржынымызда бір қола. Үндістанның Бхопал қаласында сұрмергендер сайысы мәресіне жетті. Пневматикалық винтовкадан және тапаншадан нысына көздеу бойынша әлем кубогына 31 елден 200-ден аса спортшы жиналған болатын. Араларында қазақстандық құрама да бар. Жерлестеріміз арасынан, әсіресе Александра Ле өте сәтті өнер көрсетіп, үздік үштіктен табылды. Александра әйелдер арасында 10 метрден нысана көздеу бәсекесіне қатысқан. Соңғы сында 630.7 ұпай жинады. Бірінші орын қытайлық, екінші орын америкалық спортшыға бұйырды. Ал, жалпыкомандалық есепте Қазақстан осы бір қоланың арқасында 9-шы сатыға жайғасты. Топ басында 12 медаль жеңіп алған Қытай спортшылары болса, алдыңғы үштікке Үндістан және Германия құрамалары кірді. Жарыс қорытындысы бойынша жақсы нәтиже тіркеген спортшыларға рейтинтік ұпайлар беріледі. Дәл осы көрсеткіш кейін Париж олимпиадасының жолдамалары сарапқа салынғанда негізгі рөлді атқарады.
Әлем үздіктері елге оралды
Әйелдер арасындағы дүниежүзілік додада ел намысын қорғаған боксшы қыздарды елорда әуежайынан достары туыстары және жанкүйерлері күтіп алды. Айта кетейік, байрақты бәсеке Үндістанның Нью-Дели қаласында болды және қазақ қыздары 6 медаль жеңіп алды. Әсіресе Карина Ибрагимова мен Ләззат Күнгейбаева финалға дейін жетіп, соңғы сында ғана қарсыластарына есе жіберді. Бұған қоса, қоржынымызда 4 қола бар. Яғни, Алуа Балқыбекова, Надежда Рябец, Валентина Хальзова және Фариза Шолтай өз салмақтарында үздік үштікті түйіндеді. Осының арқасында жалпыкомандалық есепте 8-орынға тұрақтадық. Аталған нәтиже алдыңғы әлем чемпионатымен салыстырғанда жақсырақ. Бірақ оған тоқмейілсуге болмайды дейді отандық бокстын басы-қасындағылар. Қыздар қазір сәл тынығып, қайтадан жаттығуға кірседі. Өйткені алда тағы бірқатар құрлықтық және әлемдік дода бар.