Талдықорғанда жүзуден ішкі біріншілік басталды

Талдықорғанда жүзуден ішкі біріншілік басталды

Ел үздіктері Жетісуға жиналды. Талдықорған қаласында жүзуден ересектер мен жасөспірімдер арсындағы ел чемпионаты басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Байрақты бәсекеге барлық аймақтан 200-ден аса спортшы қатысып, 4 күн бойы өзара мықтыны анықтайды. Жарыстың алғашқы күндері 50 метрге брасс әдісімен жүзу жарысы өтіп, ерлер арасында Әрсен Қожахметов, әйелдер арасында Аделайда Пчелинцева топ жарды. Ал 200 метрге еркін әдіспен жүзуде Данил Черепранов пен Диана Тасжановалар алдына жан салмады. Дәл осылай 100 метрге баттерфляй және арқалай жүзу бойынша үздіктер де анықталды. Жарыс қорытындысы бойынша халықаралық додаларда ел намысын қорғайтын ұлттық құрама жасақталады. «Маусым айында әлем чемпионаты, ал қазан айында Қытайда Азия ойындары өтеді. Спортшыларымыз Париж Олимпиадасына ең кемі 2-3 жолдама алады деген ойдамыз», - дейді су спортына жауапты федерация өкілі.

Сергей Дроздов, ҚР Су спорты түрлері федерациясының бас хатшысы:

- Ел біріншілігіне 17 облыс пен республикалық маңызы бар 3 қаладан келген спортшыларымыз қатысып жатыр. Олардан әзірге қандайда бір жоғары нәтиже күтпейміз. Бірақ әрқайсысының өз алдына қойған мақсаты бар. Болашақта, міне, осы өрендеріміз ұлттық құраманың көшбасшыларына айналып, халықаралық жарыстарда ел намысын қорғайтын болады.