Астанада күрес түрлерінен Азия чемпионаты өтеді
Кешенді дайындық басталды.
Тура бір аптадан кейін Астанада күрес түрлерінен Азия чемпионаты өтеді. Осыған байланысты ұлттық құрама қызу дайындыққа кірісті. Әсіресе, Қайрат Сағадиев баптайтын әйелдер құрамасы бірер апта бұрын елордаға жиналып, арнайы жаттығу жүргізіп жатыр. Оған бас-аяғы 44 спортшы шақырту алған. Оның ішінде әр салмақтағы нөмірі бірінші, екінші және үшінші спортшылар, бұған қоса, жастар мен жасөспірімдер арасындағы ел үздіктері бар. Олар 3 апта бойы осы жерде шеберлік шыңдайды. Қазір қыздардың физикалық бабын қалпына келтіріп, техникаларын жетілдіріп жатырмыз дейді бас бапкер. Жарыс жақындағанда Азия чемпионатына қатысатын басқа құрамалармен бірлескен әзірлік өткізу де жоспарланып отыр.Алдағы айтулы алманнан қазақстандық қыздар кемі 1 алтын, 1 күміс және 2 қола жеңіп алуды көздейді.
Головкин топ басында. Boxrec.com порталы наурыз айындағы жекпе-жектерді саралап, әлемдік рейтингті жаңартты. Оған сәйкес, орта салмақтағы боксшылардың тізімін әлі Геннадий Головкин бастап тұр. Жерлестеріміз ішінде Сергей Липинец пен Жәнібек Әлімханұлының да көрсеткіші жақсы. Бірақ, бұл жолы Жәнібек отандық боксшылар арасында 2-ші орыннан 3-ші орынға сырғыды. Алдыңғы 5-тікте Мейірім Нұрсұлтанов пен Әли Ахмедов бар. Айта кетейік, Мейірім бірер аптадан кейін кезекті кездесуін өткізеді. Оңтүістік Кореяның Инчхон қаласында жапониялық Кадзуто Такесакомен жолығатыны белгілі болды. Кейінгісі кәсіпқой рингте 16 рет жұдырықтасып, 15-інде жеңіске жеткен. Ал, біреуі тең аяқталды. Мейірімнің көрсеткіші 18 жекпе-жек, 18 жеңіс. Яғни, ешқашан жеңіліп көрмеген қос боксшы өзара мықтыны анықтайды. Ал, Жәнібек Әлімханұлы 13-ші мамырдағы жекпе-жекке дайындалып жатыр. Бұл жөнінде Top Rank промоутерлік компаниясы ресми түрде хабарлады. Бокс кеші АҚШ-тың Стоктон қаласында өтеді. Жәнібек бұл жолы канадалық Стивен Батлермен кездесіп, WBO тұжырымы бойынша чемпиондық белдігін қорғайды.
Ел үздіктері анықталып жатыр. Талдықорғанда жүзуден Қазақстан чемпионаты жалғасуда. Биылғы бәсекеге барлық аймақтан 200-ден аса спортшы жиналды. Олар 4 күн бойы өзара мықтыны анықтайды. Бүгінге дейін жүзудің еркін, брасс, арқалай және баттерфляй әдістері бойынша чемпиондар анықталды. Мәселен, 50 метрге арқалай жүзуде әйелдер арасында Ксения Игнатова, ерлер арасында Глеб Коваленя топ жарды. 100 метрге брасс әдісімен жүзуде Виталина Симонова мен Әрсен Қожахметов ең үздік нәтижені тіркеді. Айта кетейік, Әрсен 50 метрге брасс әдісімен жүзу де алдына жан салмаған болатын. Дәл осылай ересектермен қатар жасөспірімдер арасында да бөлек жарыс ұйымдастырылып жатыр. Оның жалпы қорытындысы ертең белгілі болады және нәтижесінде ұлттық құрама жасақталады. Кейін олар алдағы халықаралық, құрлықтық және әлемдік додаларға дайындалады. Мәселен, маусым айында Әлем чемпионаты, ал, қазан айында Азия ойындары бар. Париж олимпиадасының жолдамалары да биылдан бастап сарапқа салынады.