ШҚО-да шаңғы спортынан жас чемпиондар саны өсіп жатыр
Шығыс Қазақстандағы Риддер қаласында жас шаңғышылар өзара бақ сынасып жатыр. Сәуірдің ортасына дейін қар көбесі сөгілмейтін бұл аймақ қысқы спорттық ойындарды өткізуге аса ыңғайлы. Сондықтан болар осы бағытта Олимпиада резервін дайындайтын еліміздегі жалғыз мектеп-интернат та осы қалада орналасқан, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қар ұзақ жататын Риддердің таулы аймағы – шаңғышылар үшін таптырмайтын жер. Ал әрбір қысқы маусымның жабылу сәті – тіпті маңызды шара. Кіл мықтылар жиналып, ең мықтылар анықталады. Республикалық мектеп интернат тәрбиеленушілері тағы да бәрінен оқ бойы озық тұр. Солардың бірі – Әлема Қарабаева. 15 жастағы қыз аз уақыт бұрын Щучье қаласындағы әлем чемпионатында жақсы нәтиже көрсетіп келді.
Әлема Қарабаева, мектеп-интернат тәрбиеленушісі:
- Екі жарыс жүгіріп шықтым, 37-ші болдым, жеке гонкада, тренерлер мақтап жатыр. Жақсы, бірінші жыл үшін жаман емес деп айтты.
Шаңғышылар үшін табиғат жайлы. Ең бастысы, талай чемпион тәрбиелеген жаттықтырушылар бар. Жастар әсіресе Павел Черепановтың ауызынан шыққан әр сөзді қалт жібермейді. Өйткені ол – Сергей Черепанов сынды скиатлонан әлем чемпионын баптаған нағыз маман.
Павел Черепанов, жаттықтырушы:
- Спортқа тек спорт деп қарамау керек. Бұл – нағыз шығармашылық процесс. Оны тапсырысқа немесе шартты түрде іске асыра алмайсың. Тек өзің айналысқан спорт түрін жан тәніңмен сүю керексің. Сонда ғана жақсы нәтижеге жетуге болады.
Ұлттық жасөспірімдер құрамасына іліккен талай жас осы жерден дәріс алған. Бірнешеуі келесі жылы халықаралық ойындарға қатысуға жолдама алып, қызу дайындық үстінде. Қысқы спортты дамытуға үлкен үлес қосып жатқан мектеп-интернатқа жазғы роллерлік трасса жетіспей тұр. Оның үстіне осыдан 3 жыл бұрын басталған оқу ғимаратының құрылысы сол беті аяқсыз қалыпты.
Асқар Можанов, ҚР Олимпиада резерві мектеп-интернатының директоры:
- Бұл нысан аяқталса, біздің тәрбиеленушілер саны да арта түсер еді. Өйткені қазіргі сыныптар өте тар. Мұғалімдер сонда да сапалы білім беріп жатыр. Дегенмен жаңа әрі кең сыныптар болғаны жөн.
Қазір 250 бала осы мектеп-интернетта білім алып, шаңғымен шұғылданып жүр. Егер басталған құрылыс аяқталса жасөспірімдер санын 350-ге жеткізуге де болады, - дейді ұстаздар.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов.