Бибісара Нью-Делидегі шахмат жарысында топ бастап тұр
Бибісара топ бастап тұр. Үндістан астанасы Нью-Дели қаласында шахматтан әйелдер арасындағы гран-при жалғасып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Әлемдік аламанға ең үздік деген 12 спортшы шақырту алды. Сәйкесінше әр қатысушы айналмалы жүйеде бір-бірімен ойнап шығуы қажет.
Бүгінге дейін 9 тур ұйымдастырылды және нәтижесінде қазақстандық Бибісара Асаубаева топ басындағы орнын сақтап қалды. Жерлесіміз соңғы кезеңде грузиялық Нана Дзагнидземен тең түсті. Ал оның алдында өзінің басты қарсыласы қытайлық Жу Цзинермен кездесіп, бұнда да қос мықты өзара ұпай бөлісті. Қазір Бибісараның еншісінде 5,5 ұпай бар. Екінші орынға ресейлік Александра Горячкина көтерілді. Ол 9 кезеңде 5 ұпай жинады. Ал үздік үштікті 4,5 ұпаймен қытайлық Жу Цзинер түйіндеп тұр.
Енді әлем үздіктері 2 турға қатысады. Нью-Дели қаласындағы жарыстың жалпы қорытындысы 6 сәуірде белгілі болады.
Айта кетейік, бұл бәсекеге тағы бір қазақстандық Жансая Әбдімәлік те қатысуы керек еді. Бірақ ол қабылдаушы тараптың жұмысына көңілі толмай, елге қайтып оралды.