Рыбакина әлемдік рекорд орнатты
Рыбакина жалпы тізімде 7-ші, чемпиондық тізімде 2-ші тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Әйелдер теннисі қауымдастығы да өткен аптаны қорытындылап, әлемдік рейтингті жаңартты. Оған сәйкес қазақстандық Елена Рыбакина бұрынғы орындарын сақтап қалды. Қазір ол чемпиондық тізімде 3211 ұпаймен 2-ші тұр. Топ басына 3525 ұпай жинаған белорус қызы Арина Соболенко жайғасты. Ал жерлесіміздің басты қарсыласы саналған польшалық Ига Швентек 3-ші орныннан 4-ші орынға сырғыды.
Айта кетейік, чемпиондық тізім спортшының соңғы маусымдағы жетістіктері негізінде жасалады. Елена Рыбакина өткен аптада Майамидегі теннис турниріне қатысып, финалға дейін жеткен болатын. Соңғы сында чехиялық Петра Квитовадан ғана ұтылды. Соған қарамастан әлемдік теннис тарихына кіріп үлгерді. Яғни, WTA 1000 санатындағы турнирде 70-ке жуық эйс жасаған алғашқы адам атанды. Бұған қоса қатарынан 13 мәрте жеңіске жетіп, өзінің жеке рекордын да жаңартты. Бұған дейінгі ең тәуір көрсеткіші қатарынан 7 жеңіс болатын.