Талдықорғанда дзюдодан халықаралық турнир мәресіне жетті
Халықаралық турнир мәресіне жетті. Талдықорғанда дзюдодан 23 жасқа дейінгілер арасында байрақты бәсеке өтті.
Елімізге еңбек сіңірген жаттықтырушы Бауыржан Жаналинді еске алуға жарысқа қазақ балуандарымен қатар Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан елдерінен барлығы 450-ге жуық спортшы жиналып, 2 күн бойы өзара мықтыны анықтады. Нәтижесінде жеңіл салмқатарда жергілікті Диана Бүркебаева, атыраулық Дана Әбдірова және өзбекстандық Юлиана Максетбаевалар топ жарды. Орта және ауыр салмақтарда Атырау, Қостанай және Астана қаласының спортшылары жеңіс тұғырына көтерілді. Ерлер арасында астаналық Мадияр Мырзахметов, қарағандылық Нұрмахамет Ботабай, абайлық Серікхан Оразаев сияқты спортшылар қарсылас шақ келтірмеді. Жеңімпаздарға қаржылай сыйақы тағайындалды. Жүлде қоры соншалық көп болмаса да жас балуандарды ынталандыру үшін өте маңызды қадам дейді мамандар.