Палуандарымыз күрес түрлерінен Азия чемпионатында жүлдеге ілікті
5 палуанымыз бозкілемге шығып, төртеуі жүлдеге ілікті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Дәл қазір Астанада күрес түрлерінен Азия чемпионаты өтіп жатыр. Жарыстың алғашқы күні грек-рим күресінің шеберлері өзара мықтыны анықтады. Жерлестеріміз арасынан 87 келідегі Нұрсұлтан Тұрсынов қана финалға дейін жетті. Ол ширек финалда өзбекстандық Жалғасбай Бердімұратовты, ал жартылай финалда қырғызстандық Атабек Азисбековті жеңді. Бірақ ақтық сында ирандық Насер Гасемге есе жіберді. Бұдан бөлек, ұлттық құрама сапындағы Аманғали Бекболатов, Мұхамедәлі Мамырбек және Әлимхан Сыздықовтар қола жүлде үшін күресте қарсыластарын айқын басымдықпен ұтып, жеңіс тұғырына көтерілді. Қалған 5 салмақтағы мықтылар 10 сәуірде белдеседі. Одан кейін еркін күрес пен әйелдер күресінің бәсекелері өтеді. Жарыстың жалпы қорытындысы 15 сәуірде белгілі болады.
Айта кетейік, Қазақстан осымен 5-ші мәрте құрлықтық доданы қабылдау құрметіне ие болды.