Бүгін теннистен әйелдер арасындағы Билли Джин Кинг кубогының іріктеуі басталады

Бүгін теннистен әйелдер арасындағы Билли Джин Кинг кубогының іріктеуі басталады

Путинцева мен Линетт жарысты бастайды. Бүгін теннистен әйелдер арасындағы командалық әлем чемпионаты Билли Джин Кинг кубогының іріктеуі басталады.

Оның аясында Қазақстан алғашқы матчын өз алаңында Польша құрамасына қарсы өткізеді. Осыған байланысты қазір қос елдің мықтылары елордаға жиналып, жарыс алдындағы дайындықты пысқытап жатыр. Ал күні жеребе тарту рәсімі ұйымдастырылып, кордқа шығатын теннисшілер жұбы анықталды. Жарыстың алғашқы күні жекелей сындар өтеді және ең бірінші боп қазақстандық Юлия Путинцева мен Магда Линетт өзара мықтыны анықтайды. Артынша, Елена Рыбакина мен Вероника Фальковска кездеседі. Екінші күні керісінше Юлия Вероника Фальковскамен, Елена Магда Линеттпен ойнайды. Ал жұптық сында ел намысын Анна Данилина мен Гозаль Айнитдинова қорғайтын болды. Оларға қарсы  Алисия Росольска мен тағы да Вероника Фальковска шығады. Жеңіске жеткен команда тікелей Билли Джин Кинг кубогының финалына жолдама алады.

Айта кетейік, қазақстандық қыздар былтыр әлем чемпионатының ақтық кезеңіне шықты және биыл да алдарына осындай мақсат қойып отыр.

Елена Рыбакина, ұлттық құрама мүшесі:

- Алда өте маңызды матчтар күтіп тұр. Әрине, бұған дейін жинаған тәжірибемді қолданып, жеңіске жетуге тырысам. Бұған қоса, өз алаңымызда өнер көрсетеміз. Бұл да қосымша мотивация. Әсіресе, жергілікті жанкүйерлердің қолдауы жақсы болады деп ойлаймын. Дайындық бірқалыпты өтіп жатыр. Мен командаға кейін қосылдым. Уақыт аздау болды. Бірақ, жақсы ойын көрсетуіме кедергі емес.